Ақшаны игере алмаған шенеуніктерді жауапкершілікке тарту ұсынылды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда ұлттық жобалар мен бағдарламалар бойынша нәтижеге қол жеткізбегені үшін шенеуніктерге жауапкершілік енгізу ұсынылды. Бұл мәселені Жоғарғы аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунова көтерді.

Палата басшысы заңнамалық негізде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ортақ жауапкершілік енгізу қажет деп санайды. Мұндай жауапкершілікке орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын жұмсайтын жергілікті атқарушы органдар да тартылуы керек.

«Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және әзірленіп жатқан жаңа Бюджет кодексіне тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілікке тарту туралы толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Өңірлерге аударылатын жалпы трансферттер көлемінің қаншалықты өскені туралы біз бұған дейін айтқан болатынбыз. Ресурстарды аударатын болсақ, жауапкершілікті де аударуға тура келеді. Бірақ бізде ондай жауапкершілік міндеттелмейді. Тіпті министрліктердің өзі мақсатты трансферттерді өңірлерге аудара отырып, оларды пайдалану нәтижесі үшін өздеріне жауапкершілік алмайды. Әрқашан солай болып келді. Салалық министрліктер тарапынан өңірлердің жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуіне мониторинг жасалмайды, әлеуметтік нысандардың кадрлық құрамын бағалау іс жүзінде жүзеге асырылмайды. Ақша аймақтарға берілді, бұл енді біздің шаруамыз емес деген қағиданы ұстанады», деді Наталья Годунова.

Годунова ведомстволардың жауапкершіліктен қашатынын да атап өтті. Мәселен, «Жайлы мектеп» бағдарламасын жүзеге асыруды Оқу-ағарту министрлігіне жүктегенде, ведомство құрылыс саласына жауап бермейтінін айтып, бұл жобаны жүзеге асырудан бас тартқан. Нәтижесінде мемлекет 2,6 трлн теңге бөліп отырған үлкен жобаны Samruk-Kazyna Construction жүзеге асырып жатыр. Онда мемлекеттік сатып алу қағидаттары еш ескерілмеген.

Дәл осы мәселені ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та көтерді.

«Жоғары аудиторлық палатаның ақпаратында соңғы екі жылда игерілмеген қаражаттың күрт өскені көрсетілген. Мәселен, есепті кезеңде 81,3 млрд теңге игерілмеген. бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш», деді депутат.

Сарыбаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынының Қазақстандық учаскесінде өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жабдықтау жобасы бойынша 2021 жылы – 19,1 млрд, 2022 жылы – 14,4 млрд,  және сыртқы шекара учаскесіндегі өткізу пункттерін халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкестендіру, ретке келтіру мен жабдықтау шеңберінде 16,2 млрд теңге игерілмеген.

Депутат төтенше жағдайдың алдын – алуға, тұрғындарды қорғау мақсатындағы объектілер салуға және реконструкция жүргізуге бағытталған 5,5 млрд теңге пайдаланылмағанын айтты. Нәтижесінде орны толмас адам шығыны және 10-20 жыл бойы қалпына келмейтін эко жүйе бұзылды.

Сонымен бірге 5,1 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты жұмсалмағандықтан 28 елді мекенге газ құбырлары жүргізілмеген, 2,2 млрд теңге көлемінде жоспарланған мектептер салынбаған.  

«Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы олқылықтарды болдырмау мақсатында Сіздердің ұсыныстарыңызды қолдадық, экономика, қаржы саласында қажетті заңнамалық базаны жасап бердік. Бұл проблеманы депутаттар бірнеше жыл бойы көтеріп келеді, алайда бюджет қаражатын толық игермеу үрдісі жылдан-жылға жалғасуда. Мұндай жағдайларға жол берген азаматтарға қандай шаралар қолданылды?» дейді депутат.

Осыған дейін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин да газ жүргізуге бөлінген 8,9 млрд теңге игерілмей қалғанын айтқан.

Жоғар аудиторлық палатаның 2022 жылға қорытындысы бойынша мелекет бекіткен тапсырмаларды жүзеге асыруда көп олқылық болған. Палата Мемлекет басшысы қойған барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшу міндетіне қол жеткізілмегендігін мәлімдеді. Атап айтқанда, 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі  жобаның 7-інің тиімділігі төмен боп шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз