2023 жылы базалық мөлшерлемені байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырамыз – Пірматов
Фото: kursiv.media
Ұлттық Банктің екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады. Бұл жайлы ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.
«Ұлттық Банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады. Біздің шешіміміз бағалардың нақты өсуінің болжамды бағалауға сәйкес келуіне, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағасының өсуінен болатын жанама әсерін ескере отырып базалық инфляцияның тұрақты баяулауына, инфляциялық күтулер динамикасына, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік қағиданы сақтауға байланысты қабылданады», деді ол.
Банк басшысы 2022 жылы базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтеру нәтижесінде теңгедегі активтердің кірістілігі де өскенін атап өтті. Қабылданған шаралар қаржы жүйесінің тұрақсыздануына жол бермеуге және теңгедегі активтерге деген сенімді сақтауға мүмкіндік берген және атқарылған шаралар нәтижесінде валюта нарығы қалпына келген.
«Валюта саудасының нарықтық қағидаттарын кеңейту, Ұлттық Банк әрекеттерінің транспаренттілігін арттыру есебінен валюта нарығының балансы жақсара түсті. Оны бағамның екіжақты құбылмалылығынан көруге болады. Өткен жылдың наурыз айында айырбас бағамы 1 доллар үшін 512 теңгеден жоғары рекордтық мәнге дейін әлсірегеніне қарамастан, жыл соңына қарай 462,7 теңгеге дейін 9,7%-ға нығайды. Осылайша валюта нарығы қалпына келді», деді банк Төрағасы.
Банк басшысы инфляциялық жағдайдың да тұрақталып келе жатқанын айтты. Яғни 2023 жылдың мамыр айында жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырып, 15,9%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 16,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2%-ға, сервистік инфляция 13,5%-ға дейін баяулаған.
Өз кезегінде инфляцияның тұрақтауына әлемдегі азық-түлік бағасының төмендеуі және Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы салдарынан сыртқы сектордың бағаларға қысым көрсетуінің әлсірегені себеп болған. Дегенмен, банк өкілі фискалдық ынталандыруға, тұрақты ішкі сұранысқа, жоғары инфляциялық күтулерге байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық әсері сақталатынын айтады.
«Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша, 2023 жылы жылдық инфляция 11-14% шегінде қалыптасып, 2024-2025 жылдары одан әрі баяулайды. Реттелетін қызметтерге тарифтердің ұлғаюына қарай және жанар-жағармайдың қымбаттауы баға деңгейіне тікелей және жанама әсер етуіне байланысты инфляция бойынша болжам өсу жағына қайта қаралды», дейді Ғалымжан Пірматов.