Жаңалықтар

Аптап ыстық егіннің бітік шығуына әсер ете ме: Қарашөкеев пікір білдірді

Фото: kursiv.media

Күннің ыстық болғаны елдегі егінге әсер етпейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Сенаттағы Үкімет сағатынан шыққан министрге БАҚ өкілдері «Биылғы аптап ыстық егіннің өсуіне әсер ете ме? Жөм-шөп дайындап үлгереміз бе?» деп сұрады.

«Маусымда температура деңгейі өте жоғары болды. Бұл – жылдық орташа нормадан жоғары. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, астық егетін өңірлерде жауын-шашын жауады деген болжам бар. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргіздік. Содан кейін ылғал қоры жақсы болды», – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ министр жайылым мен мал азығына тоқталды.

«2021 жылы бәріміз батыста құрғақшылық болғанын білеміз. Осыны ескеріп, жем-шөп өндірісі бойынша жол картасын әзірледік. Былтыр ол бойынша жем-шөп алқабын 100 мың гектарға ұлғайттық, 300 мыңға артық өнім жинадық. Бізде 235 мың тонна болатын жем-шөп қоры бар. Керек болса, осы қорды пайдаланамыз. Сондай-ақ барлық өңір бойынша бізде азық-түлікке 11,6 млрд теңге субсидия қарастырылған. Біз жем-жөп дайындау үшін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырдық», – деді ведомство басшысы.