Фото: kursiv.media
2023 жылдың мамыр айында елде жылдық инфляция баяулап, 15,9%-ды құрады. Аймақтар бойынша инфляция 19 өңірде бәсеңдеді. Тек Ақмола облысында бұрынғы 17,6% деңгейіндегі мәнін сақтай отырып, өзгерген жоқ. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Ең жоғары жылдық инфляция мәні Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.
Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы 16,5%-ға дейін (сәуірде – 17,9%) баяулады. Осы топтағы тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында (20,7%) барынша жоғары, ал Алматы қаласында (14,3%) мейлінше аз өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 17,2%-ға дейін баяулаған. Ең жоғары мән Астана қаласында (23,6%), ең төмен мән Алматы облысында (14,1%) тіркелді.
Мамырда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы ж/ж 13,5%-ға дейін баяулады (сәуірде – 13,7%). Бұл ретте жалпы республикалық деңгейден баға Ақмола облысында (18,1%) біршама жоғары, Астана қаласында (10,2%) айтарлықтай төмен өсті.
Сәуір айында Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласында инфляция жоғары болған.
2023 жылғы ақпан айында еліміздегі инфляция деңгейі 21 пайыздан асып, рекорд орнатты. Ал наурыз айында сәл баяулап 18 пайыздың айналасында тұрақтады.Сарапшылар биыл да ел бюджеті шығынының көбеюі (шығын 1,5 трлн теңгеге артты), жанар-жағармайдың қымбаттауы, коммуналдық қызмет тарифінің өсуі – жылдық инфляцияның артуына себеп деп отыр.
Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстанда инфляция үш ай қатарынан баяулап, инфляцияның айлық деңгейі 0,6%-ды құрағанын айтқан.