АҚШ Ресей Федерациясының активтерін тәркілеуге дайындалып жатыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сенаторлар Джим Риш пен Шелдон Уайтхаус, депутат Майкл Макколл және Марси Каптурмен бірге бейсенбі күні Ресейдің Орталық банкінен тәркіленген активтерді және басқа да тәуелсіз активтерді пайдалана отырып, Украинаға қосымша көмек көрсету туралы заң жобасын ұсынды. Бұл жайлы Голос Америки басылымы жазды.

Заң шығарушылардың мәліметінше, Ресейдің тыйым салынған активтерінің әлем бойынша жалпы сомасы 300 миллиард доллардан асады.

«Ресейдің Украинаға қарсы жаппай соғысы бастағанына бір жылдан астам уақыт өтсе де, Ресей активтерінің 300 миллиард доллардан астамы дүние жүзінде бұғатталған күйінде қалды. Ресейдің Украина халқына қарсы қатыгездігі мен соғыс қылмыстарын ескере отырып, Ресей үкіметінің АҚШ-тағы қаражатын алып, Украинаға өз елін қалпына келтіруге көмек ретінде берген дұрыс болар еді», деді Сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Джим Риш.

Ал сентаор Шелдон Уайтхаус Украина экономикасын қалпына келтіруге жүздеген миллиард доллар кететінін, сол себепті бұл соманы ресейлік режимнің есебінен өтеу өте орынды деп санайды.

Өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінің төрағасы Майкл Маккол да сенатордың бұл сөзін қолдап:

«Украинада себепсіз агрессиялы соғыс бастау туралы шешімді Ресей қабылады, сондықтан оған жауапты тек Ресей. Сондықтан бұл шығынды Путин төлеуі тиіс», деген.

Хельсинки комиссиясының төрағасы Джо Уилсон мен үйлестіруші мүше-өкіл Стив Коэн Өкілдер палатасына дәл осындай заң жобасын енгізді. Олар да Ресей Украинадағы сұрапыл соғысы үшін өтемақы төлеуі тиіс екенін айтып, «әскери қылмыскер Путиннің» ақшасын украин халқынан тартып алғанын қалпына келтіру үшін пайдалану керек екенін айтқан.

«Ресей өзінің қатыгез және себепсіз соғысы үшін жауап беруі керек. Бұл заң жобасы батыс жүйелеріндегі ресейлік ақшаның әрбір центін Украина халқына Ресейдің оларға қарсы жасаған жантүршігерлік әрекеттерін түзету үшін беруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қылмыскер өз қылмысы үшін жауап беруі әділет заңдылығы», деген Стив Коэн.

Сенат пен Өкілдер палатасы қатар ұсынып отырған бұл заң жобасы қабылданса, құжат президентке АҚШ-та бұғатталған ресейлік активтерін Украинаны қалпына келтіруге жұмсауына жол ашады. Ресей Украинадан әскерлерін шығарғанға дейін санкцияланған ресейлік ұйымдарға қаражат бөлуге тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыз