Жаңалықтар

Астана әуежайының ұшу-қону жолағына жөндеу жүргізіледі

15 шілде мен 8 тамыз аралығында Астана әуежайының ұшу-қону жолағына жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы әуежай баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыс 15 шілде мен 8 тамыз аралығында (сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін) жүргізіледі», – делінген жұма күні таратқан хабарламада.

Хабарламада жолаушылардан «ұшу-қону жолағын жөндеуге түсіністікпен қарап, билет сатып алғанда жұмыс мерзімін ескеруді» сұрайтыны атап өтілген

Жөндеу шарттары отандық әуе компанияларымен келісілген және ұшуды қамтамасыз етудің әлемдік тәжірибесіне байланысты.

Жөндеу жоспарына сәйкес ұшу-қону жолағының кейбір учаскелерінде асфальтбетон жабынының үстіңгі қабаты ауыстырылып, жарық жабдықтары жөнделеді.

«Былтырғы талдауға сәйкес, дәл осы кезеңде жауын-шашын аз болады. Сондықтан бұл жөндеу жұмыстарын жүргізуге ең қолайлы кезең», – деп түсіндірді әуежайдың баспасөз қызметі.

Мамыр айының соңында Республиканың Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астанадағы халықаралық әуежай күрделі жөндеуге 20,3 млрд теңге қажет екенін хабарлады.

Оның айутынша, бюджет өтінімін қалыптастыру үшін құжат дайындалып жатыр.
I кезең бойынша жобаның құны 11,5 млрд теңге – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу;
II кезең бойынша жобаның құны 8,8 млрд теңге – рульдеу жолағын күрделі жөндеу, магистральдық рульдеу жолағы, әуеайлақтың су-дренаж жүйесін жөндеу.