Елімізде ұн өндіретін кәсіпорындардың саны үш есе азайды – сенатор
Сенаттағы Үкімет сағатында сенатор Зәкіржан Кузиев ұн өңдеу саласындағы мәселелерді көтерді.
«Қазір бидай өңдеу саласында ұн тарту өндірісіне шешуші рөл беріледі. Кейінгі кезде бұл салада оның дамуына қауіп төндіретін үлкен проблемалар жинақталды. Егер 15 жыл бұрын Қазақстанда 270 кәсіпорын ұн өндіріп әлемдік көшбасшы болса, қазір олардың үштен бірінен азы жұмыс істейді. Мұның себебі – нарықтағы үлкен бәсекелестік. Бұл жағдайда біз екі шешімнің бірін қабылдауымыз керек: халықаралық нарықтағы позициямызды қалпына келтіру немесе астықты тереңірек өңдеуге көшу», – деді ол.
Сенатордың айтуынша, астықты өңдеудің бірінші кезеңінде жарма, ұн және өзге өнім алынады.
«Біздің өндірушілерді астықты тереңірек өңдеуге ынталандыру қажет, онда аминқышқылдары, лизин, витаминдер, тағамдық қоспалар және биополимерлер түріндегі түрлі өнімдердің кең тізбесін, осы жоғары қосымша құны бар өнімдерді алуға болады. Мысалы, құны 102 мың теңге болатын бір тонна астықтан ұнға қайта өңдеу кезінде біз 146 мың теңге аламыз, ал оның құрамдас бөліктеріне терең қайта өңдеу кезінде МФҚ, лизин, крахмал және орта есеппен 585 мың теңге аламыз, мұнда қосымша құн 400%-ға артады. Өкінішке қарай, астықты терең өңдеу мәселелері назардан тыс қалады», – деді ол.
Кузиев АШМ әзірлеген қант саласын дамыту бағдарламасы жұмыс істемейтінін айтты.
«Олардың жоспарлары бойынша 2021 жылы отандық шикізаттан қант өндірісі 121 мың тоннаға дейін ұлғаюға тиіс еді, ал іс жүзінде тек 39 мың тонна өндірілді», – деді ол.