«Кез-келген жазаға келісем, бірақ...»: Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде айыпты мойындамады

Жарияланды
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы / Айгерім Қыдырбаева

Астана сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзін айтты. Экс-министр алдымен сот процесі басталған кездегі сөзін қайталап өтті.

«Бір жылға астам уақыттан бері бүкіл Қазақстан, тіпті әлемдік қоғамдастық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесіндегі жымқыруға қатысты қылмыстық процесті қадағалап отыр. 17 сәуірде алғашқы сот отырысы барысында «мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мен Үндістаннан Қазақстанға әлемдік тарихтың бірегей артефактісі – «Алтын адамды» елге қайтардым» деп айттым. Президенттің дер кезінде тапсырма бергенінің арқасында және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің көмегімен локдаун енгізілмей тұрып – 2020 жылдың 20 наурызында көрмені елге қайтара алдық. Коронавирусқа байланысты шектеулер Үндістанда 2021 жылдың аяғында алынды. Егер «Алтын адамды» Үндістанда шамамен екі жылға жуық уақытқа қалдырсақ, онда Қазақстан ғана емес, әлемдік қоғамдастық бірегей мұрадан айырылатын еді. Мен елдің заңдарын бұзған жоқпын. Тағылған айыпты толық мойындамаймын», – деп бастады Мұхамедиұлы.

Экс-министр айыптау актісінде ақша жымқыру әрекеті дәлелденбегеніне назар аударды.

«Айыптау актісінде ел заңын бұзу, сөз байласу көрсетілген бір де бәрі дерек жоқ. Сот залына шақырылған куәгерлер ақша жымқыру дерегі болмағанын сенімді түрде мәлімдеді. Менің тарапымнан және Нұрасхан, Көшенов, Садуаұасова тарапынан заңсыз әрекеттер болмады», – деді Мұхамедиұлы.

Айтуынша, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі Үндістанда 30 күннің орнына 3 күн өткізілген. Соған байланысты Үндістан билігі қылмыстық процесті түсінбей отырғанын жеткізді.
Айтуынша, көрме коронавирусқа байланысты жоспардағы уақыттан бұрын аяқталған. Сондай-ақ Мұхамедиұлы соңғы сөзінде кез келген жазаға келісетінін, алайда ақша жымқыру әрекеті болмағанын айтты.

«Құрметті сот! Мен кез келген жазаға, ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар», – деді ол.

Айта кетейік, іс бойынша төрт айыпталушы бар. Олардың бірі – Алмас Нұрасхан 16 маусымдағы сот отырысына келуден бас тартты.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.
2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.
Прокурор Еркеғали Зәкіров қылмыстық топ құрамында Арыстанбек Мұхамедиұлының Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырғанын айтты. 

Еске саламыз, Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы іс бойынша қалған үш сотталушы Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз