Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров қылмыс үстінде ұсталып, қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, ол жол жөндеу бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қою үшін пара алған.
«15 маусым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары А.С. Қалияқбаров ұсталды. Ол жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарты бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерден пара алды деп күдікке ілінді», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, ақшаны алғаннан кейін А.С. Қалияқбаров қылмыс үстінде ұсталып, Павлодар қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Арслан Қалияқбаров 2023 жылдың 16 қаңтарынан бастап Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. 2010 жылдан бастап Павлодар облысының атқарушы органдарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қызмет еткен. 2021 жылдың тамыз айынан бастап, 2023 жылдың қаңтар айына дейін «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы болып қызмет атқарған.