«Қаңтар» оқиғасында зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 млрд теңгеге залал өтелген

Жарияланды
акимат
Фото: kursiv.media

«Қаңтар» оқиғасында зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 млрд теңгеге залал өтелген. Бұл жайлы Алматы қаласы Мәслихатының VI сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді.

Алматы қаласының 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есебінде:

«Зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 млрд теңгеге залал өтелді, оның 95% қысқа мерзімде төлемдер алды. Барлық жеке тұлғаларға 615,3млн теңгеге мүліктік залал өтелді», деді Асқар Әмрин.

Сонымен бірге бір жыл ішінде Алматы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін 2022 жылы қосымша 16,8 млрд теңге бөлінген. Қаржат Полиция департаментінің көлік құралдары мен 3050 камераны қалпына келтіруге жұмсалған. Бұл қаржыға сонымен бірге ақшалай өтемақы төленіп, арнайы техника, жабдықтар сатып алынған.

2022 жылдың басы ауыр басталғанымен, жалпы бұл жылдың қорытындысы нәтижелі шыққан.

«2022 жылы Алматының экономикалық өсуі 5,1% деңгейінде болды. Өңдеу өнеркәсібі экономиканың өсуінің драйвері болды. Өсім 13% құрады. Қабылданған шаралар мегаполис экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 57,8% дейін арттыруға мүмкіндік берді», дейді әкім орынбасары.

Асқар Әмрин Алматы қаласының мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз ететінін айтты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Алматы шаһарының мемлекеттік кірісіндегі үлесі 26,2% құраған. Атап айтқанда, бұл жылы республикалық бюджетке 2 трлн 961,7 млрд теңге түсім жіберілген. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 41,9% көрсеткішке жеткен. Ал жергілікті бюджетке 1 трлн 175,2 млрд теңге түскен. Бұл 2021 жылға қарағанда 42% артық.

Ал өткен жылы игерілмеген қаражат мөлшері 15,1 млрд теңге. Мұның себебін Әмрин мердігерлердің әділетсіздігімен, ұзақ конкурстық рәсімдермен және басқа да себептермен байланыстырды.

Сондай-ақ оқыңыз