Жаңалықтар

«QazaqGaz» бен «Газпром» ресейлік газды Өзбекстанға жеткізу туралы шартқа қол қойды

фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған келісім шартқа Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында қол қойылған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 14-17 маусым аралығында өтіп жатқан Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында қазақстандық делегацияны бастап барған.

Форум аясында қазақстандық делегация Якутия, Томск және Новгород облыстарының басшыларымен, сондай – ақ Ресей Федерациясының негізгі салалық компаниялары – «Росатом», «Газпром» және «ИнтерРАО» компанияларымен кездесулер өткізді.

«Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды. Сондай-ақ газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланды», делінген хабарламада.

«Интер РАО» ЖАҚ-пен кездесуде тараптар электр энергиясын жеткізу, көмір станцияларын жаңғырту бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқылады.

Қазақстандық делегация құрамында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері бар.