Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданатын Ресей мұнайының көлемі 10 млн тоннаға жетпек
Санкт-Петербургте өтіп жатқан халықаралық экономикалық форум аясында Қазақстан мен Ресей энергетика министрлері Қазақстан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 2033 жылдың соңына дейін 10 млн тоннаға дейін арттыруға келісті
«Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрлері ПХЭФ барысында 2033 жылдың соңына дейін 10 миллион тоннаға дейінгі көлемдерді ұлғайта отырып, Ресей мұнайының транзиті бойынша үкіметаралық уағдаластықтарды ұзартты»делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Интерфакс агенттігінің мәліметінше, Ресей үкіметі 2022 жылдың соңында Қазақстанмен өзара мұнай жеткізу туралы өзгерісті бекіткен. Атап айтқанда, Атасу-Алашанқай бағытындағы Тұймазы-Омск-Новосибирск-2 мұнай құбыры бойынша тасымалдау көлемін жылына 7 млннан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
Ал, мамыр айының ортасында «ҚазТрансОйл» «Роснефть» компаниясымен Қазақстан арқылы Қытайға ресейлік мұнайды тасымалдауға қатысты қызмет көрсету бойынша қосымша келісім-шартқа қол қойды. Құжатқа сәйкес, келісім-шарт 2034 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылады, ҚХР-на тасымалданатын ресейлік мұнай жылына 10 млн тоннаны құрайды және қазіргі тасымалдау тарифі, яғни тоннасына 15 доллар (ҚҚС қоспағанда), сақталатын болады.