Henley & Partners консалтинг компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы Қытайдан басқа елге көшетін миллионерлердің қатары арта түспек.
Компанияның мәліметінше, 2022 жылы Қытайдан 10,8 мың ауқатты адам көшіп кете, ал биыл тағы 13,5 мың миллионер өзге елге қоныс аударады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған жоқ, біраз жылдан бері жалғасып келе жатыр.
New World Wealth аналитика фирмасының зерттеушісі Эндрю Амоилс Қытайдан соңғы 10 жылда бай адамдар көптеп көшіп, бұл ел әл-ауқатының өсуін бәсеңдетті дейді.
Оның пікірінше, кейінгі кезде байлардың шетелге жаппай қоныс аударуы алдағы уақытта ел экономикасына қатты әсер етуі мүмкін.
«Қытай экономикасы 2000 жылдан 2017 жылға дейін қарқынды өсті, бірақ содан бері елдегі байлық пен миллионерлердің өсімі мардымсыз болды», – дейді сарапшы.
Henley & Partners дерегі бойынша, миллонерлері көптеп көшіп жатқан екінші ел – Үндістан. Биыл елден 6,5 мың ауқатты адам көшеді деген болжам жасалса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 7,5 мыңды құраған.
Дегенмен сарапшылар бұл елде алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені Үндістаннан көшіп кеткен байлардың орнын жаңадан шыққан бақуатты адамдар басып жатыр.
Дүние жүзінде ауқатты тұрғындардың көші бойынша биыл үшінші орында Ұлыбритания тұр. Бұл елден 3,2 мың миллионер көшіп кеткен, былтырмен салыстырғанда екі есе көп.
Henley & Partners мәліметінше, Гонконгтан 2023 жылы 1 мыңға жуық миллионерден, Оңтүстік Корея – 800, Жапония 300 дәулетті жан қоныс аударады.
Ресейдегі миллионерлер саны 2022 жылы 8500-ге азайса, биыл 3000 бай шетел асады. Ресей Henley & Partners рейтингінде төртінші орында тұр.
Ал көшкен миллонерлердің басым бөлігі Австралия, БАӘ, АҚШ, Швейцария мен Канадаға барып тұрақтап жатыр. Биыл осы елдер арасында Австралия көш бастап, оған 5 мыңнан аса бақуатты кісі көшіп барады деп болжанып отыр.
«Соңғы онжылдықта миллионерлер көші-қоны тұрақты өсіп жатқаны байқалады. 2023 және 2024 жылдары сәйкесінше 122-128 мың болады деген болжам бар», – дейді Henley & Partners бас директоры Юрг Стеффен.