Шымкент ветеринария қызметінің маманы 104 млн теңгені жымқырған – Антикор

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ш️ымкент қаласында ветеринариялық рұқсаттар мен сертификаттар жасап, малды мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өткізген лауазымды тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз орталығы хабарлады.

«Осы жылдың 12 маусымында Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, аумақтық бөлімшелерінің, ветеринариялық қызметтің, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына және «Құт Береке» шаруа қожалығының басшысы мен өкілдеріне қатысты үкім шығарды», делінген баспасөз хабарламасында.

Аталған адамдар ветеринариялық рұқсаттар мен сертификаттар беріп, малды мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өткізіп келген. Қызметі барысында жалған құжаттар жасап, жүйелі негізде пара алғаны және бергені үшін кінәлі деп танылды.

Бұдан басқа, шаруа қожалығының басшысы мен ветеринариялық қызмет бөлімінің қызметкері мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуға бөлген субсидиялық қаражаттан 104 млн теңгені жымқырған.

«Сот үкімімен кінәлі адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 1 жыл 5 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығыныан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ сотталғандарға 2 млн теңгеден 26 млн теңгеге дейін айыппұл төлеу міндеттелді», деп хабарлайды басасөз қызметі.

Сонымен бірге бұл азаматтар өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз