Құрылысына 770 млн доллар жұмсалған Үлкен Алматы айналма автожолы қолданысқа берілді

Жарияланды (жаңартылды )
бакад
Фото: gov.kz

Үлкен Алматы айналма автожолы ресми түрде ашылды. Ол алғашқы концессиялық жоба. 2024 жылы қолданысқа берілуі тиіс жоба мерзімінен бұрын тапсырылған. ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ашылу рәсіміне қатысқан Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің дерегінше ол Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Құрылыс жұмыстары инвестордың жеке қаражатын есебінен жүргізген. Енді таяу 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады. Оның ұзындығы 66 шақырым.

Жоба концессиялық механизм бойынша жүзеге асырылды. Концессионер «BAKAD Investments and Operations» ЖШС, ал құрылтайшысы Alsim Alarko – Makyol – SK Ecoplant – Korea Expressway түрік-корей консорциумы. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл.
Жобаның құны 770 миллион долларға бағаланады: 185 миллион долларды BAKAD Investments and Operations компаниясы бөлді, қалған 585 миллион доллар үш қаржы институтынан: Еуропалық қайта құру және даму банкінен, Ислам даму банкінен және Еуразиялық даму банкінен қарыз құралына  қаржыландырылды.

«Жаңа нысан «Шығыс-Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87%-ға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуге тиіс», деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың дерегінше, мегаполистің 2040 жылға дейінгі жаңа бекітілген Бас жоспары аясында қаладан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына апаратын 6 радиалды жолды салу жұмыстары жүргізілуде.

«Алматы қаласының аумағына транзиттік трафиктің кіруін болдырмау арқылы Алматы қаласының жолдардағы кептелісті орта есеппен 20%-ке азайтады. Бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартады», деді Ерболат Досаев

Айта кету керек, 6 жолақты I-А санатты ақылы автомобиль трассасында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етіледі. Жеңіл көліктерге жол ақысы қанша шақырым жүргеніне қарамастан, сағатына 240 теңге болып белгіленбек. Ал жүк көліктерінің салмағына байланысты тарифтері де әртүрлі болады.

Айналма жол кесіп өтетін Қарасай, Іле және Талғар аудандарында тіркелген автокөлік иелері үшін абоненттік төлем қарастырылған. Жеңіл көлік үшін айлық абономент құны 1725 теңге болса, жылдық абоненттік төлем 20 700 теңгені құрайды. Ал жүк көліктерінің салмағына қарай абоненттік төлемі де әртүрлі болады.

ИИДМ-нің мәліметінше, 16 орындық жолаушы автобустары және жүк көтерімділігі 2,5 тоннаға дейінгі көліктер – 0,12 АЕК немесе 414 теңге (айлық абоненттік төлем – 2,5 АЕК немесе 8625 теңге, ал жылдық – 30 АЕК немесе 103 500 теңге);
32 жолаушы орындық автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі көліктер – 0,22 АЕК немесе 759 теңге (айлық абоненттік төлем 4 АЕК немесе 13 800 теңге, ал жылдық – 48 АЕК немесе 165 600 теңге);
32 жолаушы орындық автобустар және жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,36 АЕК немесе 1242 теңге (айлық абоненттік төлем – 5 АЕК немесе 17250 теңге, ал жылдық – 60 АЕК немесе 207 000 теңге);
жүк көтергіштігі 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,43 АЕК немесе 1 483 теңге (айлық абоненттік төлем – 6,5 АЕК немесе 22 425 теңге, ал жылдық – 78 АЕК немесе 269 100 теңге);
жүк көтерiмдiлiгi 15 тонна және одан да көп жүк автомобильдерi, оның iшiнде тiркемелiлер, жүк тракторлары – 0,72 АЕК немесе 2 484 теңге (айлық абоненттiк төлем – 8,5 АЕК немесе 29 325 теңге, ал жылдық – 102 АЕК немесе 351 900 теңге).
Жалпы, ҮААЖ арқылы тәулігіне 40 мыңға жуық жеңіл көлік өтеді деп күтілуде. Оның 80 пайызы жеңіл, 20 пайызы жүк көліктері. Мамандар жобадан бюджетке түсетін жылдық кіріс шамамен 5 миллиард теңгені құрайды деп болжап отыр.

Айналма жол Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтеді. Автожол Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны.

 

Сондай-ақ оқыңыз