Жаңа метро бекеттері «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматыда ашылатын екі жаңа метро бекеті «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін. Мұны қалалық мәслихаттың VI сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет мәлімдеді.

Ономастика бөлімінің басшысы метро бекетінің құрылысының техникалық-экономикалық жобасын әзірлеу үшін жаңа бекеттерге атау беру қажеттілігі туындап отырғанын айтты.

«Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағын ауданы, Алатау даңғылының бойында №1 бекет ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болу үшін «Шұғыла» деп атау ұсынылып отыр. Ал Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке «Төле би» атауын беру көзделген», деді ол.

Бұл ұсынысты Алматы қаласы ономастика комиссиясы құптаған. Бұл атаулар қала басшылығы тарапынан да қолдау тапқан. Енді бекеттердің атауын бекіту үшін ұсыныс Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады. Комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысымен шешім қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыз