Жаңалықтар

Абай облысына гуманитарлық көмекке қаражат жинау тоқтады

жители
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Абай облысындағы жағдайға байланысты гуманитарлық көмекке қаражат жинауды тоқтатты. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қазметі хабарлады.

«Барлық қазақстандықтардың бірігуінің арқасында бірнеше күн ішінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлық отбасыларына жан-жақты көмек көрсету үшін жеткілікті қаражат жиналды. Сондықтан, алаяқтардың қандай да бір алыпсатарлық әрекеттерін болдырмау үшін «Ақ Ертіс» қоғамдық қорының жоғарыда аталған мақсаттарға қаражат жинауы аяқталғаны туралы хабарлаймыз», делінген хабарламада .

«Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Абай облысының Бородулиха ауданындағы орман өрті салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаражат жинау және гуманитарлық көмек көрсету үшін қол ұшын созған еліміздің барлық тұрғынына үлкен алғысын білдірді.

Сонымен қатар жиналған қаражатты бөлу кезінде объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін тиісті уәкілетті комиссиялармен өзара іс-қимыл жасай отырып, көмек көрсетуде бірыңғай тәсіл әзірленетінін мәлімдеді.