Францияда 50 жылда болмаған жер сілкінісі тіркелді
Францияның батысында жұма күні, 16 маусымда магнитудасы 5,8 болатын жер сілкінісі, ал сенбі, 17 маусым күні таңертең магнитудасы 5,3 балды құрайтын жер сілкінісі болды.
Жер асты дүмпулері Астана уақытымен 08:27-де 5,8 мың тұрғыны бар Сюржер коммунасынан солтүстікке қарай 12 шақырым жерде тіркелді. Қайнар көзі 9 км тереңдікте жатыр.
Астана уақытымен таңғы 8:53-те дәл осы жерде магнитудасы 3,1 болатын жер сілкінісі тіркелген. Қайнар көзі 2 км тереңдікте орналасқан.
Renass сейсмикалық мониторинг желісінің мәліметінше, жер асты дүмпулері елдің батысындағы Шаренте-Теңіз маңы департаментіне қарасты Крам-Шабан қаласында сезілген.
Жер сілкінісі салдарынан Шаренте Теңіз маңы елді мекендерінде жоғары вольтты желі зақымданған, нәтижесінде мыңнан астам үй жарықсыз қалды.
Ла-Ленья қаласында бірнеше үйлердің қабырғалары жарылған. Қала билігі қазіргі таңда жер сілкінісінен зардап шеккен ғимараттардың жағдайын тексеріп жатыр. Де-Севр префектурасында бірнеше ғимарат қатты зақымдалған. Префектураның баспасөз қызметі жер сілкінісінен бір адам зардап шеккенін, оның жеңіл жарақат алғанын хабарлады. Арста ғибадатхана ғимараты зақымдалған.
Францияда мұндай жер сілкінісі 1972 жылы болған. Елдің құрлық жақ бөлігінде 2019 жылы магнитудасы 5 балдан асатын жер сілкінісі тіркелген.
Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі күшті жер сілкінісі болды. Түркия Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бірінші дүмпу жергілікті уақыт бойынша 04:17-де болып, магнитудасы – 7,7 балды құраған. Ал екінші дүмпу 13:24-те қайталанып, оның қуаты – 7,6 балл болған.
Сондай-ақ, қазақстандықтар Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге 100-ге жуық киіз үй жіберді.
Дүниежүзілік банк зілзаладан зардап шеккен Түркияға 1,78 миллиард доллар бөлетінін хабарлады.