Көрнекі фото: Ашық дереккөздерден
Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Мұндай жаңалықты Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.
«Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі», деді Президент.
Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығып кеткен екен. Оны меценеттардың көмегімен елге қайтарған.
«Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды», деді Президент.
Президент Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс ететінін айтты.
«Өйткені, бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан, Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деді ол.
Құрылтай барысында Президент Жүсіпбек Аймаутовтың шығармасы табылғанын да хабарлады.