Ұлттық құрылтай: Мемлекет басшысы негізгі идеологиялық бағыттарды атады

Жарияланды (жаңартылды )
Токаев
Фото: Ақорда

Түркістандағы құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмалар берді.

Ұлттық нышандарды жаңарту

Бірінші кезекте, мемлекеттік нышандарды жетілдіруді тапсырып, олардан бірегей ұлттық кодымыз айқын көрініп тұруы тиіс екенін айтты

«Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасының мазмұны мен пішіні әркелкілігіне қатысты қоғамда көп сын айталатынын, сол үшін оларды бірыңғай үлгіге келтіру керектігін айтты. Сонымен бірге мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасауды тапсырды.

Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу

Екінш кезекте Президент ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

«Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті», деді ол.

Нәтижесінде ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақ әзірленген. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керектігін айтқан президент, жинақты бірыңғай үлгіде безендіруді және еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауын, оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтарды түгел енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Бұл орайда ономастика саласын тәртіпке келтіру маңыздылығына тоқталып өтті.

«Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу

Президент ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін қозғады.

«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын», деген Президент, Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

Ұрпақ тәрбиесі

Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесінің маңызды екенін айтты. Ол адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін айтқан ол, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын атап өтті.

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», деді құрылтайда.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев, баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-аналары жауапты екенін, одан кейінгі тәрбие балабақша мен мектепке жүктелетінін айтты. Балаға адамгершілік қасиеттермен қатар патриоттыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

«Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет.Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет», деді ол.

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамытуға баса назар аударған жөн деп санайды. Бұл орайда, идеололгиялық маңызды құрал – кітап екенін айтып, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Ол үшін қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалып, сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады.

«Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ», дей келе президент, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу – көкейінде жүрген арманның бірі екенін айтты.

Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс екенін айтты. Сонымен бірге шекаралас аймақтарды дамыту маңыздылығына тоқталған ол:

«Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат», деді.

Шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткенін, бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер ықпал еткенін айтты. Сол үшін Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданған.

Сонымен бірге мемлекет басшысы соңғы кадрлық ауыс-түйіске қатысты пікір білдірді. Ол қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін, олардың басым көпшілігі орынды екенін айтты.

«Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз