Фото: ШҚО ТЖД
«Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында өрт басталған. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында («Усть-Язовое» орманшылығы) жетуі қиын таулы жерлерде құрғақ шөп, бұта жанып жатыр. Аудан анықталуда. Елді мекендерге қауіп жоқ», делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдардың және Қазавиаорманқорғаудың жеке құрамынана 123 адам, 3 бірлік техника және ШҚО әкімдігінің авиация бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмылдырылған.
Өрт орнына жету қиындығына қарамстан, өрттің таралуына жол берілмеген.
«Рельефке жету қиын . Тікұшақтармен 10 рет су төгілді. Белсенді жану ошақтары жоқ. Кей жерлерде жекелеген түтін нүктелері бар, ол жерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өрттің таралуына жол берілген жоқ», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Мұндағы жағдай облыс басшылығының қадағалауында. Өрт орнында ШҚО әкімінің орынбасары Е.Нұрбаев жүр. Сонымен бірге Риддер қаласынан 80 шақырым жерде орман өрті тіркелген. Оқиға орнына облыс әкімі Ермек Көшербаев барған. Қазіргі таңда ондағы өрт оқшауланған.
Абай облысында 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрт сәрсенбі 14 маусым күні кешке оқшауланған болатын.