АҚШ Тайвань тәуелсіздігін мойындамайды – Энтони Блинкен
АҚШ жаңа қырғи-қабақ соғысқа ұмтылмайды және Қытай жүйесін өзгертуге тырыспайды, деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі, 19 маусымда ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінде.
Қытай басшысы мен Энтони Блинкеннің кездесуі Бейжіңдегі Халықтық мәжіліс залында өтті. Блинкен кездесуде Вашингтонның Тайвань тәуелсіздігін қолдамайтынын және Қытаймен қақтығысқа түсуге ниеті жоқ екенін жеткізді.
Кездесу барысында Қытай басшысы АҚШ пен Қытай қарым-қатынастарындағы қиындықтарды еңсере алатынына сенім білдіріп, ірі державалардың бәсекелестігі заман тенденциясына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Си Цзиньпин сонымен бірге Қытайдың АҚШ мүддесін құрметтейтінін және оларға қарсы шығуға немесе оларды ауыстыруға ұмтылмайтынын айтты. Сол сияқты, АҚШ та Қытайды құрметтеп, елдің заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуі керектігін ескертті.
Қытай басшысы Қытайдың Америкаға қарсы шықпайтынына сендірді және Ақ үй басшылығын прагматикалық ұстанымға ие болуға және Бейжіңмен бір бағытта жұмыс істеуге шақырды.
Си Цзиньпин Балидегі кездесуде АҚШ президенті Байденмен қол жеткізген консенсусқа берік болып, Қытай мен Америка Құрама Штаттарының қарым-қатынасын тұрақтандыру және жақсарту үшін тиісті оң шараларды жүзеге асыру керектігін атап өтті.
Блинкен Қытайға екі күндік сапары барысында Қытай Сыртқы істер министрі Цинь Ганмен және ҚКП Орталық Комитетінің Сыртқы істер комиссиясы кеңсесінің басшысы Ван Имен кездесті.
Бұған дейін жексенбі, 18 маусымда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қытайға екі күндік сапары басталғаны хабарланған болатын. Қытайдың шпиондық шарына байланысты екі ел арасындағы үлкен дау-дамай басталып, бес айға созылды. Шар оқиғасынан кейін Блинкен ақпан айында Қытайға жоспарланған сапарын кейінге шегерген.
Энтони Блинкен ақпан айының аяғында Қазақстанға келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.