Жаңалықтар

Бақытжан Базарбек Алматыдағы алма бақтары жайлы: «Назарбаевтың әулеті мен олигархтары қысым жасайды»

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек / baq.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке жерге қатысты бірнеше сауал жолдады.

«Алматыдағы «Горный гигант» деген жерінде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан біз 70% алма бағынан айырылдық. Ең сорақысы инспекторлар тексеріс жасағанда оларға Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйесіндегі Назарбаевтың әулеті мен оның олигархтары қысым жасайды. Соның салдарынан Алматыдағы алма бақтарын қайта алмай жатырмыз. Бұл да осы тақырыпқа тікелей байланысты», – деді депутат Базарбек.

Соған байланысты министрден осы уақытқа дейін қанша алма бағы мемлекет меншігіне қайтарылғанын сұрады.

«Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істеп, Бақытжан Сағынтаевтың (Алматы қаласының экс-әкімі – автор) бір заңсыз қаулысын бұздық. Өкінішке қарай осы уақытқа дейін мұндай мыңдаған қаулы қабылданған. Қайтаруға байланысты қандай шаралар қолданылып жатыр?», – деді депутат.

Сондай-ақ Алматы маңында Қарасай, Іле және Талғар аудандарында ауыл шаруашылығы алқабы заңсыз құрылыс салуға беріліп жатыр.

«Соның салдарынан суармалы ауыл шаруашылығы алқабынан айырылып жатырмыз. Барлық ауыл шаруашылығы алқабында тұрғын үй құрылысы көп салынып жатыр. Бұл Қарасай және Талғар ауданында болып отыр. Енді құрылысты тоқтату үшін Жер кодексінің 97-бабына, 102-бабына өзгерістер ендіздік. Бірақ құрылысты тоқтата алмай жатырмыз. Жалпы Алматы агломерациясындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлеріне нысаналы мақсатын ауыстыруға мараторий енгізуді ұсынамын. Бұған қалай қарайсыз?», – деп сұрады Бақытжан Базарбек.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылы 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылғанын айтып өтті.

«2023 жылы 1,3 млн гектар жерді мемлекетке қайтарып жатырмыз. Оның ішінде қанша алма бағы бар екенін қазір нақты айта алмаймын. Мұның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ. Екіншіден, суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа санатқа аудару мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстары жөніндегі комитет бұл бағытта жұмыстарды атқарып жатыр. Негізі жерді басқа санатқа ауыстыру мәселесі тек Бас жоспарға кірсе, біз қолдаймыз. Ол бас жоспарға кіріп, мақұлдану процесінен өтсе, әрине, оны біз қолдаймыз», – деді Ербол Қарашөкеев.

Министр мараторий жариялау туралы ұсынысқа да тоқталды.

«Біздің экономика да өзгеріп жатыр. Ауылдар мен қалаларда да өзгеріс бар. Мараторий жариялау туралы ұсынысты егжей-тегжейлі ақылдасып, содан кейін ғана шешімді қабылдайық. Оның кері әсері де болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан суармалы жерлердің алқабын ұлғайтамыз деп жатырмыз. Сондықтан біз мейлінше, осы санаттағы жерлерді сақтап қалу мәселесін қолдаймыз. Бұл мәселені қосымша ақылдасайық», – деп түйіндеді Ауыл шаруашылығы министрі.