Мәдениет министрінің болжамынша биыл шетелден Қазақстанға 1,4 млн турист келеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы туризм қалпына келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға жоғары. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы қаралған.

Республикадағы қонақ үйлер саны 284 бірлікке артып, 4 мыңға жетті. Жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсек-орынды құрап, 10 мың бірлікке көбейді. 2022 жылы туристерді орналастыратын орындардың жалпы табысы 183 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары. Нәтижесінде туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелді. Осы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқан үрдісін көрсетеді.

Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр.

Туризм саласының инвестициялық әлеуетін дамытуға да көп көңіл бөлінуде. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 14,5 мың төсек-орын мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу бойынша 288 млрд теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және бизнесті қолдау мақсатында өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы қолданысқа енгізілді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029  жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.

Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

«Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Жалпы 2022 жыл ішінде ел ішінде саяхаттаушылар саны 8,6 млн адамға жетті. Осылайша, былтыр ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылған.

Аймақтар арасында Алматы, Астана және Шымкент орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер санымен көш бастап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз