Жаңалықтар

Елде көкөніс бағасы 28%-ға қымбаттаған

Фото: kursiv.media

Елімізде көкөніс бағасы 28 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты.
Айтуынша, жылдық есеппен алғанда жаңа піскен көкөністер 28 %-ға қымбаттаған.

«Аграрлық мәселелер комитеті Үкіметтің жеміс-көкөніс саласына қатысты саясатына халық барынша көп тұтынатын және қор ретінде жинайтын әрі бағасы инфляцияға елеулі әсер ететін көкөністің негізгі 6 түрі (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ) бойынша жүргізген талдау осы өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау мен өткізу процестерін тежейтін мемлекеттік саясаттағы олқылықтарды көрсетіп отыр», – деді Егізбаев.

Оның сөзінше, орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы салааралық жұмысы үйлесімді болмай отыр.

«Экология министрлігі – сумен қамту, Энергетика министрлігі – энергия тасымалдағышарды (көмір, газ, электр энергиясы) уақтылы жеткізу, Сауда министрлігі – импорт және экспорт, сауда желілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ортақ шешім қабылдамайды. Әкімдіктер бірінші кезекте ауылда сервистік-дайындау желілерін ұйымдастыруды дұрыс жолға қоя алмай отыр», – деді ол.

Егізбаевтың айтуынша, статисканың анық әрі дәл болмауы Үкімет қабылдаған барлық шаралардың тиімділігін жоққа шығарады.

«Бұл бүкіл ауыл шаруашылығы саласының жүйелі проблемасына айналды», – деді депутат.

Бұл мәселе еліміздегі картоп өндірісіне қатысты да көзбояушылық туғызып отыр.

«Мысалы, деректер бойынша Қазақстанда картоп жеткілікті мөлшерде өндіріледі. Осыған қарамастан біз оны сырттан әкелеміз, яғни импорттаймыз. Биылғы наурыз-маусым аралығында Пәкістаннан 120 мың тонна картоп әкелінді», – деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Серік Егізбаевтың пікірінше, әкімдіктер қызметінің тиімділігін бағалау бойынша және олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан өзара жасырын бәсекелестік осындай жағдайға ықпал етіп отыр.

«Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне осылай баға беруден бас тартып, жұмыс тиімділігін бағалаудың басқа әдістеріне көшкен дұрыс болады. Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажет деп есептейміз», – деді Мәжілістегі комитет төрағасы.

Депутат еліміз көкөніс дақылдарының тұқымдары бойынша 95%, ал жеміс көшеттері бойынша 80% импортқа тәуелді екенін айтты.

«Импорттаушы елдер географисы – Еуропа елдері, Аустралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекістан, Кырғызстан және Украина. Соңғы мемлекет бүкіл қиындықтарға қарамастан ауыл шаруашылығын барлық бағыт бойынша барынша серпінді дамытып отыр», – деді Серік Егізбаев.