«Ерекше статус», «пресс карта»: «Масс-медиа туралы» заң жобасының олқы тұстары аталды
Фото: kursiv.media
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты дөңгелек үстел өтті. Депутаттар мен сала мамандары бұл заңның көп жерлерінің шикі екенін айтып, журналистерге берілетін баспасөз картасының маңызын түсінбеді.
Баспасөз картасы журналистерге қандай да бір жеңілдік бермесе не үшін қажет деген мәселені депутат Максим Рожин көтерді:
«Сіздерде 21 жылы қабылданған аккредиттеу туралы ереже бар. Бұл карта сол ережені қайталап жатқан жоқ па? Бәлкім бізге ереже де жеткілікті болар ма еді. Егер бұл карта біз ойлағандай журналистке қандай да бір әлеуметтік жеңілдік беремесе оның не қажеті бар?» деді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Исқақов бұл мәселені қарастыратынын, қажет болса, акредиттеу туралы ереже қағидаттарын қысқартатынын, керек емес деп тапса, ережені мүлде алып тастауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ал депутат Бақытжан Базарбек заңның шикілігін сынады. Баспасөз картасын беруге қатысты неше-түрлі шектеулер бар екенін, кейбіреуі орынсыз екенін айтты. Сонымен қатар заңда түсініксіз тұстардың көп кездесетінін, жалпылама сөздердің көп кездесетінін, заңда жалпылама сөздердің болмауы тиіс екеніне айтты.
Өз кезегінде вице-министр:
«Заң бойынша журналистке баспасөз картасы бес жағдайда ғана берілмеуі мүмкін. Олар өте қарапайым және логикаға сай», деген уәж айтып, қалған мәселелерді министрлік назарға алатынын мәлімдеді.
Ал депутат Жұлдыз Сүлейменова балалар контенті мәселесін қозғап, оның заңда қалай қорғалғанын сұрады.
«Балалардың басылымын дамытуға байланысты министрліктің жауапкершілігі осы заңнамада қарастырылған ба? Өйткені «Ұлан» газеті, «Дружные ребята» газеті бұрыннан келе жатыр. Екі басылымның қазіргі жағдайын біз білеміз. «Ұланды» сақтап қалуымыз керек. «Ұлан» секілді балалардың қабілетін ғылымға, білімге деген құлшынысын дамытатын тағы да көптеген қазақ тіліндегі журналдарды дамытуға үлес қосуымыз керек. Осыдан 1-2 жыл бұрын «Ойла» деген журнал шыққан. Ғылыми, қазақ тілді, интузиасттардың журналы. Бірақ сол журналды біз сақтап қала алмадық. Бұған менің ойымша ақпарат министрлігі де жауапкершілік сезінуі қажет секілді. Сондай-ақ еңбек адамы және әділ азамат деген ұғымдарды насихаттауда сіздер мелекеттік тапсырыс бердіңіздер ме, ол орындалды ма?» деді депутат.
Қанат Исқақов балалар контентін заңнамаға сыйғызу қиындық тудырғаны себепті, заңға қосымша доктрина дайындалып жатқанын, онда балалар контентін көбейту мәселесі толық қамтылғанын, еңбек адамы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша контент көлемі нақтыланғанын атап өтті.
Депутат сонымен қоса:
«Өткен жолы сізге үш сұрақ қойғанбыз. Қаламақы қайтарыла ма? Сондай-ақ тұрғын үйге қатысты жеңілдіктер бола ма? Өткен жолы сіз біздің комитетке келіп таныстырғанда айттыңыз, баспасөз картасы қандай да бір әлеуметтік жеңілдіктерді алуға мүмкіндік береді деп. Енді біз нақты сұрақ қойғымыз келеді. Жалпы, Қаржы министрлігімен бұл мәселе қаншалықты шешілген? Тұрғын үй жеңілдігіне қатысты «Отбасы» банкпен, Қаржы министрлігімен оң қорытындыларыңыз бар ма? Әлде сіз құрғақ уәде беріп тұрсыз ба?» деп ашығынан сұрады.
Министрлік өкілі бұл мәселенің банк пен Қаржы министрлігінен қолдау таппағанын, қаламақы мәселесінің де заңмен шешілмейтінін мәлімдеді.
«Біз «Отбасы» банкпен кеңестік. Бірінші баспана мәселесін қарастырдық. Бірақ бұл бастама қолдау таппады. Ал қаламқыға келер болсақ, қаламақыны әрбір редакция өздері шешеді. Егер редакцияның қаржылық жағдайы болмаса, заңмен бекітсек, те ол ақшаны бере алмайды. Ондай заңды бекітсек, біз жұмыс берушіні мойындатуымыз керек болады. Бірақ біз ондай жүкетеме бере алмаймыз. Әсіресе, мемлекеттік емес БАҚ-тарға. Бұл олардың шаруашылық, қаржылық қызметін араласу болып саналады», деді вице-министр.
Депута Аманжол Әлтаев өз кезегінде Заң жобасының қазақша мәтініне мән беруін сұрады. «Ертең сабан жегендей оқи алмай отырмайық» деді ол. Ал,
Media Net
Халықаралық журналистика орталығының директор орынбасары Думан
Смақов:
«Бізде Конституция бойынша терроризмді, соғысты насихаттауға тыйым салынған. Бірақ көріп отырғанымыздай, Ресейлік телеарналар Украинаға қатысты соғыс агрессиясын насихаттап отыр. Бұған дәлел Демаскоптың сауланамасы. Онда 58 пайызға жуық қазақстандық Ресей медиасын тұтынатынын анықтаған», деді.
Сонымен қоса жиында депутаттар субсидияланатын спутниктік телеарналардың ішінде шетелдік арналардың көп екенін айтты. Ақпараттық қауіпсіздік үшін арнайы субсидияланып отырған отандық операторлардың не себепті шетел арналарын субсидиялық қазақ арналарымен бірге ұсынатынын сұрады.
«Біз тек қазақстандық арналарды ғана субсидиялаймыз. Ал шетелдік арналарды операторлар өзі сатып алады. Қазір біз субсидия жасаған кезде шетелдік арналардың қатысы болмау мәселесін қарастырып жатырмыз», деп жауап берді министрлік өкілі.
Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов те бұл мәселенің орынды көтеріліп отырғанын атап өтті:
«Бұл мәселені өте орынды көтеріп отырсыздар. Өйткені, бұл дұрыс емес. Біз шетелдегі арналарға қаражат бөліп отырмыз, былай қарағанда. Бұл дегеніміз – субсидия бөліп отырғанмен тең ғой. «Отау тв», «Қазақтелекомның» бюджетінен шетел арналарына қаражат жұмсалып отыр. Бұл мәселені реттеуіміз керек. Қоғамда түрлі нәрселер болып жатыр. Біржақты ақпараттан қорғауымыз керек дейміз. Одан қорғамақ түгілі, тұтынушыларымыз ол арналарды өз қалтасынан ақша төлеп, сатып алып жатыр», деді.
Ал вице-министр болса, жиында айтылған барлық мәселелер заңда қарастырылып, шемімін табады деп сендірді.