Маңғыстау прокуратурасы жалған дипломмен жұмыс істеген 8 мұғалімді анықтады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Прокуратура Маңғыстау облысының колледждеріне тексеру жүргізіп, жалған дипломдармен жұмыс жасаған 8 қызметкерді анықтаған. Бұл жайлы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Талдау нәтижесінде жалған құжатты пайдаланудың 8 дерегі анықталды, яғни Ақтау колледждерінде – 5 оқытушы, Қарақия ауданында – 3 оқытушы жұмыс істеген. Прокурорлар барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдарын бастап, материалдарды одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін полиция органдарына жолдады», делінген хабарламада.

Құқық бұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушының жұмысын атқарған.

Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі яғни көрінеу жалған құжатты пайдалану бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауапқа тартқан.

Осы тектес құқық бұзушылық үшін аталған сот сол колледждің басқа екі оқытушысына қатысты үкім шығарып, оларды жұмыстан босатқан.

«Төрт эпизод бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды. Бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық іс тіркеген және осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз