Кредит төлемін 90 күн кешіктіргендерге қайта несие берілмеуі мүмкін
Фото: kursiv.media
Қазақстанда кредит төлемін 90 күн кешіктірген адамдарға қайта несие беруге тыйым салынуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай ұсыныс білдіріп отыр.
Сонымен қатар агенттік қарызын кешіктірген борышкерлердің кредитін банк пен МҚҰ өзі реттемей жатып, 1,5 жыл ішінде коллекторларға сатуға тыйым салмақ.
Коллектор агенттіктердің өздері сатып алған жеке тұлға кредиті бойынша проблемалық берешекті реттеу рәсімдерін жүзеге асыру міндеті белгіленбек. Оған қоса коллектор агенттігінің қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру қарастырылған.
«Бұл ретте қарыз алушының уақыт шығындарын және коллекторлық агенттіктердің қаржылық шығындарын қысқарту мақсатында қарыз алушымен және/немесе оның өкілімен байланыс кезінде коллекторлық қызметкерлер ұсынатын ақпарат тізбесі оңтайландырылды», – деп жазылған құжатта.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған консультативтік құжат мемлекеттің қаржы нарығындағы реттеу саясатына өзгерістер енгізуді көздейді.
Мақсаты – кепілсіз микрокредиттердің шамадан тыс өсуіне жол бермеу, сондай-ақ қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
2023 жылдың сәуір айында жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,1% өскен. Оған тұтынушылық қарыздың 2,0%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3%-ға – 4,9 трлн теңгеге дейін өсуі себеп.
«2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторы бойынша берешек мерзімінің өтуі 90 күннен асқан қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,5%-ын немесе 889 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтарда – 3,4% немесе 815 млрд теңгені) құрады», – дейді ҚНРДА.
Шағын және орта бизнесті есепке алғанда, заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,1%-ды немесе 341 млрд теңгені құраған. Ал жеке тұлғалар портфелінде 4,0%-ды немесе 549 млрд теңге болып тұр.
ЕАЭО елдерінің резидент-жеке тұлғаларына Қазақстан банктері берген кредиттер портфелі 8,7 млрд теңгені құрады. Соның ішінде 90 күннен астам төлем мерзімі кешіктірілген кредиттердің үлесі 5,6%-ды немесе 489 млн теңгені құрады.