Отбасы банк «Бәйтерек» холдингіне 67,2 млрд теңге дивиденд төлемек
Фото: inkaraganda.kz
«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2022 жылға жай акциялар бойынша 67,2 млрд теңге дивиденд төлейді. Бұл туралы банктің Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.
Дивиденд 20 тамызына дейін төленетін болады.
«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2023 жылдың 20 тамызына дейін өзінің жай акциялары бойынша 67 224 699 900,00 теңге сомасына 2022 жылғы дивидендтер төлейтіні туралы хабарлады,» делінген хабарламада.
«Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 100 пайыз акциясы – «Байтерек» ҰБХ-ға тиесілі. Қаржы ұйымының қор нарығында орналастырылған жай акциялары 7 830 000 құрайды.
«Отбасы Банк» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. ТҚЖ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.
Компанияның 2022 жылға арналған аудиторлық есебіне сәйкес, банктің меншікті капиталы 462,2 млрд теңгені құраған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 381,1 млрд теңге болған. Жиындық активтерінің көлемі де артып, 2021 жылғы 2,8 трлн теңгеден 2022 жылы 3,4 трлн теңгеге жеткен. Банк 2021 жылы 65 млрд теңге таза пайда тапса, 2022 жылғы таза пайдасы 96 млрд теңгені құраған. Соның 67,2 млрд теңгесі жалғыз акционерге дивиденд төлеуге жіберілсе 28, 8 млрд теңге банктің өзінде қалады.
1 маусымдағы жағдай бойынша, Отбасы банктегі салымшылардың жинағы 2 263 млрд. теңгені құрап отыр. Биыл шарттық сомасы 1 016 млрд. теңгені құрайтын 196 мың ТҚЖ шарты жасалып, сомасы 393 млрд. теңгені құрайтын 23 мың несие берілді. Қазіргі кредит қоржын 3 019 млрд. теңгені құрайды.
Банкке мемлекеттік бюджеттен және ұлттық қордан 618,3 млрд. теңге сомасында кредиттік қаржы бөлініп, қазіргі кезде бөлінген қаражаттың 547,6 млрд. теңгесі игерілген.