Қант өндірісіне қомақты қаржы бөлінгенімен, еліміз импортқа тәуелді: субсидия мәселені шеше ме?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстан қант бойынша импортқа толық тәуелді. Бұл туралы Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев мәлімдеді.

«Қант бойынша жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да толық импортқа тәуелді. Отандық өнідірістің үлесі 10%-ға төмен. Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9%-ы қамтамасыз етілсе, 2021 жылы ол – 7%-ға, ал 2022 жылы – 6%-ға дейін төмендеді», – деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Соған байланысты депутат фермерлерге берілетін субсиядияны қайта қарау керек екенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің басты міндеттерінің бірі – субсидиялау арқылы аграрлық-өнеркәсіптік кешен дамуын реттеу. Бірақ мұнда да барлығы ойдағыдай емес. Фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет. «Ойын ережесі» үнемі өзгереді. Қазіргі басшылық құрамның 2021 жылғы қыркүйектен бүгінге дейінгі қызметі аралығында ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтар 20 рет өзгертілген», – деді комитет төрағасы.

Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, елімізде қызылшасын өсіретін фермерлерге техникаға сатып алуға көмек көрсету мәселесі пысықталып жатыр. Өйткені,
Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды міндет – қант өндірісін дамыту.

«Қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 5 жылда (2017-2021 жылы) 450 мың тонна болды, орташа өнімділігі – 300 ц/га. Басқа өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекеттерде өнімділік – 440-480 ц/га (Ресейде – 437 ц/га, Беларусьте – 485 ц/га, Украинада – 445 ц/га). Қант қызылшасы алаңдарын ұлғайтудың негізгі проблемалары – жоғары шығын мен өндірістің төмен рентабельділігі, сондай-ақ ылғалмен қамтамасыз ету проблемалары», – деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа инновациялық зауыт салуды көздейтін 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілген.

«Орта мерзімді перспективада жергілікті қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігін 43%-ға қамтамасыз ету үшін егіс алаңы оңтүстік өңірлерде 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Қант қызылшасының жалпы түсімін ұлғайтып, отандық шикізаттан қант өндіру 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылады, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендетіледі», – деді Қарашөкеев.

Сондай-ақ фермерлерді қолдау және фермерлер үшін оны өндірудің рентабельділігін арттыру үшін биыл қант қызылшасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері ұлғайтылған: қант зауыттары тоннасына – 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді.
Сонымен қатар шаруаларға арнайы техника сатып алуға көмек көрсетіледі.

«Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіштер мен сабақкескіштерді сатып алуға өтемақы нормативін 50%-ға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл қант қызылшасын өсірудің рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді, сол арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандырады», – деді Қарашөкеев.

Мысалы, биыл қант қызылшасы егілетін жерлер 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 19,0 мың гектарға (2022 жылы – 11,6 мың гектар) жеткізілді.
Министрдің айтуынша, жыл басында жергілікті бюджетте қант қызылшасын өңдеуге тапсыруды субсидиялауға 5,9 млрд теңге көзделген, бұл 328 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, бюджетті нақтылау кезінде осы мақсаттарға қосымша 8,2 млрд теңге бөлінді. Барлық субсидия сомасы 14,1 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 563 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді. Осының есебінен ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 67,6 мың тонна болады, бұл 2022 жылғы деңгейден 29,0 мың тоннаға көп», – деді ведомство басшысы.

Бұған дейін, Ербол Қарашөкеев 2024 жылы Қазақстан өзін алмамен толық қамтамасыз ететінін мәлімдеген болатын.

Ал, Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаевтың дерегінше, жылдық есеппен алғанда жаңа піскен көкөністер 28 %-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз