Бизнесті реттеу саласында 10 мыңнан аса артық талап анықталды

Жарияланды

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Бизнесті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылдан іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтегі кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралған жиында белгілі болды.

Былтыр бизнесті мемлекеттік бақылаудың 35 бағытын автоматтандыру ісі аяқталып, қазіргі таңда тағы 35 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Автоматты функционалдығы бар Smart Data Ukimet платформасы пайдалануға дайын. Ол қазіргі уақытта жұмыс апробациясынан өтуде.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті реттеудің 44 саласына талдау жасаған. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының шарттарына сәйкес келмейтін 10 108 талап анықталды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазіргі кезде кәсіпкерлерге қойылатын негізсіз талаптарды жоюға арналған заңнамалық актілерге 386 түзетуден тұратын бірыңғай пул қалыптастырылған.

Жақын арада оларды Парламенттегі Бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасына (9 пакет) қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілерге сәйкес талаптардың күшін жоюды және қайта қарауды іске асыруда.

Премьер-Министр реттеуші талаптардың күшін жоюға немесе оларды қайта қарауға бағытталған заңға тәуелді актілер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті: 625 құқықтық актінің 513-і қабылданды. Сонымен қатар 112 құқықтық акті бойынша жұмыс жүріп жатыр.Осы орайда Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне аталған жұмысты 30 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.

«Салалық бұйрықтар белгіленген мерзімде қабылданбаған жағдайда, Үкімет Аппараты саяси мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тиісті ұсынымдар енгізсін», — деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз