Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылды

Жарияланды

Фото: Freepik

Үкімет жиынында тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылды. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. Бұл орайда тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Мұнда тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды», — деді Премьер-Министр.

Премьер-Министр шағымдардың басым бөлігі сапасы төмен тауарларды сату, тауар бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсетілмеуі, интернет-дүкендерден ақшаның уақытылы қайтарылмауы бойынша екенін атап өтті.

«Тұтынушылар сондай-ақ денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады. Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Вице-премьер, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің дерегінше, елімізде азаматтардың көбі мына салалар бойынша наразылық білдіреді:

медициналық қызмет – 39,3% (медицина персоналының дөрекі мінез-құлықтары мен біліксіздігі, үлкен кезектер, көрсетілген медициналық қызметтердің  сапасыздығы);

байланыс қызметі (интернет-провайдер)33,3% (абоненттік төлемнің заңсыз қымбаттауы, интернет қызметінің сапасыз көрсетілуі, тарифтік жоспардың құнының ұлғаюы мен өзгеруі);

қоғамдық көлік қызмет – 30,7% (көлікпен тасымалдау ережелерін бұзу, персоналдың дөрекілігі, қолма-қол ақшалай және ақшасыз есептесу);– қоғамдық тамақтану – 24,4% (персоналының дөрекі мінез-құлықтары мен қызметтердің  сапасыздығы, сапасыз тамақ, санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауы)

Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, біртұтас жүйе құруға ықпал етті. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осы мақсатта қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленген еді.

Үкімет басшысы ұсынылған заң жобаларын қолдау бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін олардың Парламент Мәжілісіне белгіленген мерзімде енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз