4 пайыздық автонесие бағдарламасының қаражаты неге автобус алуға жұмсалады?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ақорда кулуарында 4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатынын мәлімдеді. Осы ретте «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ автокредит беру бағдарламасына арналған қаражаттың нысаналы мақсаты неге өзгергенін түсіндірді. Енді қаражат тек лизингпен автобус алуға бөлінеді.

Қор мәліметінше, бағдарлама аясында осы уақытқа дейін 13335 нессие берілген.

«Қазіргі кезде автокөліктің ең сұранысқа ие түрі – автобус болып тұр, бүкіл сапардың 67 пайызы автобустарға тиесілі. Статистикаға сәйкес, елдегі автобус паркінің 45%-ы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Астана, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында қоғамдық көліктердің тозуы – 25 %, Түркістан, Қарағанды, Тараз, Павлодар, Көкшетау – 50%, Ақтау, Өскемен – 60%, Талдықорған, Петропавл, Орал – 70%, Қостанайда 90%-ды құрайды» , – делінген хабарламада.

Жалпы, автобустарды лизингтік қаржыландыру 5 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақыт ішінде қор 3818 жолаушылар автобусын сатып алуды қаржыландырған.

Енді жаңа құралдар жылына 700 автобусты жаңартуға мүмкіндік береді екен. Осыған байланысты, Қор «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен министрлікке осы қаражатты жолаушылар автобустарын лизингтік қаржыландыруға бағыттауды ұсынған.

«Егер жеңілдетілген автокредит беру бағдарламасы бойынша ай сайын 120 адамды машинамен қамтамасыз етсек, қаражатты қайта бөлген жағдайда, бір айда 15 мыңға жуық жолаушы тасымалдайтын 20 автобус сатып алуға болады», делінген хабарламада.

Қолданыстағы автобустарды лизингтік қаржыландыру бағдарламасының шарттары:

  1. лизингтік қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
  2. лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) – лизинг нысанасы құнының кемінде 15%-ы;
  3. сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 4 пайыздық несиенің тоқтауы жеңіл көліктің құнына әсер етпейді деп санайды.

Мамыр айының басында Марат Қарабаев автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталды.

Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді.Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Сол жылы шілде айында бағдарламаға бөлінген қаржы таусылғандықтан, банктер өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты.

Биыл арнайы платформа құрылып, 6 ақпан күні 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге autonesie.kz сайтында өтінім қабылданған. Бұл жолы банктер пулға қатысушылардан 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз