Конституциялық сотқа 5 ай ішінде үш мыңнан астам азамат жүгінген

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл жайлы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Сот Төрайымы Эльвира Әзімова мәлімдеді.

«Конституциялық Соттың бес айдағы жұмысы азаматтардың өз өтініштерінде заңдардың жекелеген ережелерінің конституциялылығы проблемаларын әділ көтеретінін көрсетті. Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі болып табылмайды, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды», деді Сот төрайымы.

Келіп түскен өтініштердің жартысына жуығы, шамамен 41% сот шешімдерімен келіспеуге қатысты екен. Бұл ретте сот өкілі Конституциялық Соттың сот шешімдеріне баға беруге құқылы емес екенін баса айтады.

«Азаматтардан келіп түскен өтініштердің бір бөлігі сот актілерінің орындалмауына, тұрғын үй және еңбек қатынастарына, әлеуметтік қорғауға, жазалардың орындалуына, ақпаратқа қол жеткізуге, жеке тұлғалардың банкроттығына және тағы басқаларға қатысты. Өтініштердің төрттен бірінде ғана яғни 26% азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұрайды», дейді Эльвира Әзімова.

Сонымен бірге осы кезеңдегі конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша, жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталған. Қабылданған он сегіз нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылса, тағы бесеуі бойынша Конституциялық Сот біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берген. Сот төрайымы қазіргі уақытта Үкімет пен мүдделі органдарға қажетті шаралар қабылдау ұсынылғанын айтты.

20 өңір бөлінісінде ең көп өтініш Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарынан келіп түскен.

Сондай-ақ оқыңыз