Депутат елімізде инвестициялық жобалар межеленген мерзімде аяқталмайтынына назар аударды

Жарияланды
Фото: Pixabay.com

Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі жүйелі түрде бұзылып отырады. Нәтижесінде құрылыс шығыны артады. Бұл мәселені ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков көтерді.

«Инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзу жүйелі түрде орын алуда. 2022 жылы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен триллионнан астам теңге бөлінді. Құрылыстың нормативтік мерзімдері сақталмайды. Жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі, оны іске асыру барысында жобалық шешімдердің өзгеруі объектілердің уақытша тоқтатылуына және қымбаттауына алып келеді, осылайша оларды іске асыру мерзімі созылып кетеді. 2022 жылы мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындамауы себебінен 18,1 млрд теңге игерілмей қалды», дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, Қарағанды қаласында құны 6,1 млрд теңгені құрайтын 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы 2013 жылы басталған. Мердігерге қойылған талаптарға байланысты жұмыс 4 жылға тоқтап қалған. Нәтижесінде орындалған және орындалмай қалған жұмыстардың құны 2 есе артып, 12,5 млрд теңгені құраған.

«Астана қаласындағы 3-ші Жылу электр орталығының құрылысы 65 айда (5,4 жыл) іске асырылу керек болған. Алайда құрылысы 2010 жылы басталған объект ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлі аяқталмаған. Сөйтіп, жобаның құны 35 млрд теңгеге артқан. Оған кететін бастапқы қаражат 86,8 млрд теңге болған, қазіргі сомасы 122 млрд теңгені құрайды» деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз