Жаңалықтар

Бай қалалар рейтингінде Сингапур көш бастап тұр

Фото: kursiv.media

Сингапур бай қалалар рейтингінде алғашқы орынға көтерілді, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл қала байлар үшін жетекші жаһандық орталық саналады.

Швейцарияның Julius Baer Group Ltd капиталын басқарушы компания өз есебінде 2022 жылы бесінші орын алған қала-мемлекет – Сингапурдың Шанхай мен Гонконгты басып озғанын мәлімдеді. Бұл қалалар екінші және үшінші орындарға жылжыған.

Сингапур пандемиядан кейін ең бірінші болып шекарасын ашқан Азия мемлекеттерінің бірі. Сол үшін де бұл қала байлар үшін тартымды. Ал қалада байлардың көбеюі бағаның көтерілуіне де әсер етен. Нәтижесінде, жергілікті халық қымбатшылыққа тап болды. Есепте 2022 жылдың соңына қарай Сингапур аумағында шамамен 1,500 отбасылық кеңсе тіркелгенін, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп екені айтылған. Сондай-ақ бұл жер көлік бағасы бойынша да әлемдегі ең қымбат қала саналады.

«Жоғары өмір сүру стандарттары және жергілікті инфрақұрылымға сұраныстың артуы мұнда өмірдің арзанға түспейтінін білдіреді. Тұрғын үй меншігі өте жоғары сұранысқа ие және көлік салығы мен негізгі медициналық сақтандыру әлемдік орташа көрсеткіштен 133% және 109% қымбат», делінген Julius Baer Group Ltd келтірген есепте.

Julius Baer’s Lifestyle Index тұрғын үйді, автокөліктерді, бизнес-класс рейстерін, бизнес мектебін, дәмді кешкі астарды және басқа да сән-салтанат түрлеріне талдау жасай келе, әлемдегі ең қымбат 25 қаланың рейтингін анықтаған. Сол рейтингте Азия төртінші жыл қатарынан қымбат әрі сәнді өмір сүру аймағы ретінде айқындалып келеді.

Тағы бір үлкен өсім Нью-Йоркте тіркелді, ол өткен жылы рейтингтің 11-ші орнында тұрса, қазір бесінші орынға көтерілді. Оның алғашқы орындарға көтерілуіне доллардың нығаюы мен пандемиядан кейін қалпына келу қарқыны себеп болған.

Ал Лондон керісінше екінші орыннан төртінші орынға сырғыды. Компания келтірген есепте, Вrexit және «соңғы кездегі ретсіздік» Ұлыбританияның беделіне нұқсан келтіргені айтылады. Сондай-ақ Лондонның алдағы уақытта Дубай және Сингапур сияқты дамып келе жатқан қаржы орталықтарымен бәсекелесуіне тура келеді.

Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері жайлы өмір үшін ең қолжетімді аймақ саналады. Бұл орайда еуропалық қалалар қымбат қалалар рейтингінде біршама төмендеді.

Ал Дубай бірінші рет алғашқы ондыққа еніп, Цюрихті 14-орынға түсірді. Бұл туристік қала тізімде жетінші орында тұр. Әмірлік биылғы индекстің «жұлдызды ойыншысы» саналады. Өйткені мұнда көптеген ауқатты адамдар қоныс аударған. Бұл өз кезегінде жылжымайтын мүлікке деген сұранысты арттырып, бағаның көтерілуіне себепші болды.

Пандемия шектеулері алынып, еркіндік қайтарылғалы бері саяхат пен ойын-сауыққа сұраныс артқан. Мәселен 2018 жылы дайындалған «Château Lafite Rothschild» шарабы мен виски ішімдігінің бағалары дүние жүзі бойынша көтеріліп, 17,2% және 16,2% жоғарылаған. Сонымен қатар люкс қонақ үйлер мен бизнес-класс рейстерінің табыстылығы артқан.