Дәрі бағасын қымбаттатқандардың үстінен мобильді қосымша арқылы шағымдануға болады
Дәрі-дәрмектің жағымсыз әсері туралы енді DariKZ қосымшасы арқылы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына ақпарат жолдауға болады. Сонынен қатар, дәрі бағасын қымбаттатқан дәріхана үстінен шағымдануға болады. Қосымшаның жаңа нұсқасында осындай функция бар. Бұл туралы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Дәрілік заттың жағымсыз әсері баяндалатын карта-хабарламалар немесе «сары карталар» деп аталады. Бұл қызмет Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына дәрінің жағымсыз реакциялары жөніндегі ақпаратты онлайн режимде жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, DariKZ мобильді қосымшасының жаңа нұсқасында дәрі-дәрмектерге шекті рұқсатты бағасынан қымбатқан жағдайда шағымдар түсіру қызметі іске қосылған.
Бұдан бөлек, DariKZ қосымшасының көмегімен ұқсас препарат бағасын салыстырып, дәрінің рецепт арқылы әлде рецептісіз берілетінін тексеріп, сәйкестік сертификаты, сондай-ақ дәрінің өндірушісі, медициналық қолданылуы, сақтау мерзімі туралы және т.б. деректерді білуге болады.