Дәулет Беймұрзинов, IT-маман: No code — кодтың бәсекелесі емес

Жарияланды

Фото: pexels.com

IT технологиялар нарығы күн өткен сайын ұлғайып келеді. Бұл нишадағы бәсекелестік де соған сәйкес артып жатыр. Бұл дегеніміз компанияларға жаңа өнім шығарарда сапаға ғана емес, жылдамдыққа да мән беруге тура келіп отыр. Өйткені бұрынғыдай асықпай отыратын кез емес. Әлбетте, жылдамдық қажет деп сапаны да ұмытуға болмайды. Сондықтан бір оқпен екі қоянды ататын әдістер іздестіруге тура келеді. Осылай іздей келе, IT саласының мамандары мұны шешудің жолын тапты. Бүгінгі материалымызда Low Code/No code деген не және бұл нарықтың қазіргі жағдайы қандай деген сауалға жауап табамыз. Осы тақырыпта «Курсив» тілшісі Astana Hub технопаркі Білім беру бағдарламалары офисінің директоры Дәулет Беймұрзиновпен сұхбаттасқан еді.  

Расында, IT саласының даму қарқыны өте мықты. Оған қоса, бейімделгіш екені тағы бар. Мәселен, сала мамандары түрлі қиын код жазып, әлдебір өнімді жақсарту үшін күрделендіре бергеннен жеңілдету жолының әлдеқайда дұрыс екеніне көз жеткізді. Осылайша Low Code әдісі пайда болды.

Уақыт пен қаражат шығыны барынша минимум, сөйте тұра сапасы еш кем емес өнім алуға мүмкіндік беретін бұл тәсіл бүгінде жай ғана тренд емес, толыққанда бағытқа айналып үлгерді. Корпоратив жабдықтама, қолданушыларға арналған бағдарламалар мен қолданбалар жасау, сайт құрастыру және т.б. — IT-дің құрамдас бөліктері.

Осы саладағы тоқтаусыз прогрестің арқасында бағдарламалау тілдері пайда болды. Олардың әрқайсысының деңгейі де әртүрлі. Бұрын бағдарламалау десе күрделі код елестейтін болса, кейінгі кездері бұл түсінік өзгеріп келеді. Бұған бірден-бір себеп — No code.

Қай заманда болса да бәрі нарыққа қарай бейімделеді. Ондағы сұранысқа сай әрекет жасалады. Мәселен, қолданушылар бағдарламаның қай тілде жазылғанына, кодты қолмен жазып шығуға қанша кеткеніне бас қатырмайды. Оларға керегі — түпкі нәтиже. Бастысы, сайт ашылса, қолданба түсінікті болса жеткілікті. Сондықтан нарықтағы осы сұраныстың нәтижесінде Low Code дүниеге келді. Бұл — күрделі дүниені жеңіл жеткізу жолы. Оны қолдану үшін бағдарламалау тілін білу, код жазу қабілеті сұралмайды. «Бұл не қылған батпанқұйрық?» деп отырсаңыз, спикеріміздің бұған қатысты ойына назар салыңыз.  

Дәулет, бұл саладан мүлдем бейхабар адамға түсіндіріп өтсеңіз. No code дегеніміз не?

No code-тың ең басты мақсаты — жылдам бағдарламалау. Бұған дейін сізде тиісті бэкграунд болуын, бағдарламалауды білуіңізді мүлдем талап етпейді. Өмірінде код жазып көрмеген адамның өзі үйрене алады. Дайын конструкторлар, блоктар, кейде тіпті кодтар болады. Байқағаныңыздай, бәрі жеңіл. Мұндағы ой — адамдардың IT әлеміне тез еніп кетуіне жағдай жасау. Қазіргі заманның талабы сондай — бәрінің жылдам болғанын қалаймыз. Мәселен, компанияларда әлдебір өнімді айлап, жылдап жасайтын уақыт жоқ. Себебі сіз де, біз де мәселелердің неғұрлым тез шешілгенін қалаймыз. Оған қоса, жаңа трендтер пайда болып отырады. Оларға да ілесу керек. Міне, сол талапқа сай болу үшін қазіргі таңда компаниялардың дені осы Low code/No code тәсілдеріне ден қойып жатыр.

Компаниялар деп қалдыңыз, Low code кімдерге қажет?

Кез келген кәсіпке керек болады деп айтар едім. Біріншіден, бизнес саласындағылар штатта бағдарламалаушы ұстамай-ақ, аутсорста қомақты қаражат жұмсап, мамандарды жалдамай-ақ өзі аз ғана уақытта көлемді жобалар жасауға мүмкіндік бар. Айталық, сіздің дүкеніңіз бар. Ол жерде футболка сатасыз. Бүгінде жалпы бағыт e-commerce саласына қарай кетіп барады. Сондықтан үйде отырып, онлайн тапсырыс беріп, зат алғысы келетіндер көбейді. Егер шағын және орта бизнес иелері алға жылжығысы келсе, онда онлайн сатып алуға мүмкіндік беретін платформалар жасауы керек. Оны іске асыру үшін сізге міндетті түрде бағдарламалаушы болудың қажеті жоқ. Құралдың түрі көп. Маркетплейс аясында алып қарастыратын болсақ, онда лендиңнен бастап, төлем жасауға дейін толық бір бет жетіп жатыр. Шағын және орта бизнеске керек дейтін себебіміз осы. Одан соң стартапшыларға пайдалы. Стартапта «жылдамдық» түсінігі бар. Мұнда даму қарқыны жылдам болуы керек әрі кез келген гипотезаға қатысты сынақтар неғұрлым тез өткізілуі қажет. No code — осы тестілеуде қолданылатын оңай әрі жылдам құралдың бірі. Мысалы, сіз нарыққа жаңа өнім шығарғыңыз келіп тұр. Дегенмен оны бағдарламалауға сізге 1-2 жыл уақыт керек болуы мүмкін. «Ноу код» арқылы оны бар болғаны 3-4 аптада істеуге болады. Осылайша сіз әрі уақыт үнемдейсіз, әрі қолданушылардан тезірек фидбек аласыз. Одан қала берді стартапта қаражат көп болмайды. Ал «лоу код» платформалардың жазылымы арзан, демо-нұсқасының өзі жеткілікті болып қалады. Стартаптардың дені бастапқыда осы платформалардан бастайды. Тағы бір қоса кеткім келетіні: No code тестілеумен ғана шектелмейді. Ол арқылы толыққанды өнім жасап шығуға болады. Кейбірі лендиң ғана деп ойлауы мүмкін. Әйтсе де, бүгінде ауқымы кеңейіп, бастан-аяқ қолданба, платформа, CRM-жүйелер құрастыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте AI, яғни жасанды интеллектінің де ықпалы бар шығар?

Иә, дұрыс айтасыз. Жасанды интеллект трендтері әжептәуір әсер етіп жатыр. Айталық, бір жыл бұрын дайын блоктардан ғана тұратын платформа жасап келген болсақ, қазір AI көмегімен техникалық тапсырманы мәтін түрінде жасасаңыз, ол соның аясында әзірлеп береді. No code ол — эволюция. Ол кодтың бәсекелесі емес. Ерте болсын, кеш болсын бәрі осы жаққа келеді. Код жазушылардың көбі қазір осы салаға ауысып жатыр. Ондағы себебі: біріншіден, бұл өте жылдам. Екіншіден, нарықтың сұранысы осы No code арқылы қанағаттандырылып отыр. Әрине, кез келген маркетплейсті код жазып, қолдан жасап шығуға болады. Әйтсе де, оған кететін уақыт ұзақтау болатыны анық. Әлдебір қате пайда болса да, жөндеуге көбірек уақыт кетеді. Ал No code аясында кез келген дүкенді бір аптада көтеріп, қателерді тез жөнге келтіруге болады. Байқасаңыз, қазіргі адамдардың өзі IT-өнімнің түр-түрін қолданады, қолданғысы келеді. Оның ішінде ойындар, қолданбалар бәрі бар. Осы тұрғыдан алғанда IT-дің дамуы өмір салтымызға үлкен ықпал тигізіп отыр. Заманауи адамдардың тілегі — офлайн жасалып жатқанның бәрін онлайн жасауға мүмкіндік алу. Яғни сол сұранысқа сай келетін IT-өнімдер керек деген сөз. Бұрын онлайн тапсырыс дегенде көз алдымызға киім, оның ішінде қымбат киімдер сатылатын сайттар елестейтін болса, қазір алма алғыңыз келсе де, ала аласыз. Осы сұраныс жылдамдығына өнім жасау жылдамдығы сәйкес келуі керек. No code-тың қарқынды дамып жатқан себебі — сол.

Код жазуға машықтанғандар тарапынан Low Code саласына қатысты менсінбеушілік байқалатын секілді. Арагідік ондай ойды да кездестіріп жатамыз. Сіз қалай ойлайсыз?

Егер бағдарламалаушыда осындай ой болса, ол алдағы уақытта трендтен қалады деген сөз. Әрі бұлай ойлайтын адамдар Low Code-тың артықшылығын әлі түсінбеген. Бәлкім, олар жалпы трендке қарсылық білдіретін, тұйық адамдар шығар. Әрине, ол әзірге кодтың орнын 100 пайыз баса алмайды. Бірақ солай екен деп оған қарсыласудың қажеті жоқ. Фриланс платформаларды бір шолып шықсаңыз, «ноу код» бағдарламалаушыларға жұмыс толып тұр. Алпауыт IT-корпорацияларда да мұндай позиция бар. Әрі әзірге бұл салада маман көп емес. Соны пайдаланып, бәсеке төмен жерге барып, жақсы ақша табуға болады.

Әлемдік нарықта сұраныс көбейгенін білеміз. Ал нақты Қазақстанда жағдай қандай?

Бізде де әжептәуір сұраныс бар. Оны мынадан біле аламыз. IT-ге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын компаниялар, бұрын-соңды IT-өнімдермен айналыспағандардың өзі қазір осы Low code платформаларға ауысып жатыр. Базарда тұрған апаның өзінде маркетплейс бар болса, таңғалмаймыз. Заман талабы сондай. Айталық, осыдан бес жыл бұрын IT бигтех компанияларға ғана керек болған еді. Қазір «ноу код» пайда болғалы бұл нарық ұлғайды. Соның арқасында ақпараттық технологиялар кез келген салаға бейімделетін болып кетті. Мейлі ол мектеп бағдарламасы болсын, мейлі дүкенде болсын. Жалпы алғанда бұл бағыттың өсуіне IT-компания саны артқаны емес, бұл нарыққа бұрын-соңды қатысы болмағандардың өзі IT-ге еніп жатқаны себеп болып отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз