Жаңалықтар

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот үкімі шықты

Фото: Асқар Ахметтулин

Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты. Судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Айта кетейік, Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасоваға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Сондай-ақ экс-министр мемлекеттік қызметті атқару құқығанан өмір бойына айырылды. Президенттің атына Мұхамедиұлын мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Мұхамедиұлы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сот үкімімен Алмаз Нұрасхан 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды. Нұрасхан қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Азамат Көшенов кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметті енді атқара алмайды.

Сотталушы Айым Садвакасова да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Садвакасоваға қатысты үйқамақта ұстау түріндегі шараны қамауға алуға өзгертіп, ол сот залынан қамауға алуға үкім шығарды.

Прокурор Еркеғали Зәкіров қылмыстық топ құрамында Арыстанбек Мұхамедиұлының Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырғанын айтты. 

Еске саламыз, Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы іс бойынша қалған үш сотталушы Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. 

Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде өзінде тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген еді.

«Мен кез келген жазаға, ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар», – деді ол.