Қазақстанда IT мамандардың орташа жалақысы 876,1 мың теңгені құрайды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда IT секторында істейтін мамандар саны 15 мыңнан асқан. Бұл жайлы Finprom.kz басылымы жазды.

Биыл қаңтар–наурыз айларында компьютерлік бағдарламалау, консультация және басқа да ілеспе қызметтер секторындағы қызметтердің көлемі экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алғанда 172,2 млрд теңгеге өскен. Бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 23,4% көп.

Экономиканың бақыланбайтын секторын есептемегенде, қызмет көрсету көлемі 171 млрд теңге болған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,5% артық.

Көрсетілген қызметтің жартысынан астамы яғни 94,3 млрд теңгесі Алматыға тиесілі, 59,5 млрд теңгесі Астанаға тиесілі. Екі қаланың бұл сектордағы қызмет көлемі 89,9%-ды құрайды.

Ал қызметтер құрылымына келері болсақ, бұл секторда бағдарламалық қамтамасыз ету саласы басымдыққа ие. Бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша қаражат – 88,6 млрд теңге болған, бұл көрсеткіш 2022 жылғы қаңтар–наурызбен салыстырғанда 51,5% артық.

Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің айтарлықтай көлемі ақпараттық технологиялар саласындағы консультациялық және практикалық қызметтерге (14,8 млрд теңге) және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту аясында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды басқару жөніндегі қызметіне (13,8 млрд теңге) тиесілі екен.

Компьютерлік бағдарламалау, консультация және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы қызметкерлердің саны ковидке дейінгі кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. 2023 жылдың бірінші тоқсанында қызметкерлер саны 15,2 мың адамды құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 15%-ға, ал 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2,3 есе артқан. Бұл ретте сектордағы әйелдердің үлесі бір жыл ішінде 40,5%-дан 38,2%-ға дейін төмендеген.

Салада жұмыс істейтіндердің нақты саны бір жылда 15,6% өсіп, 14,4 мың адамды құрады, оның ішінде 5,2 мыңы әйелдер.

Саладағы кәсіпорындардың саны ковидке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2,7 есе өсіп, 249-ға жетті. Бір жылда бұл көрсеткіш 18% өскен.

Биыл бірінші тоқсанда сектордағы орташа айлық жалақы 790,6 мың теңгені құрады, бұл елдегі орташа жалақы көрсеткішінен 2,3 есе көп.

Салада жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсімі жылына 38,1% болса, жалпы республика бойынша, керісінше көрсеткіш 0,6% төмендеген.

Саладағы 249 кәсіпорынның 204-і шағын, 34-і орта, 11-і ірі компаниялар. Бұл ретте сектордағы ең төменгі жалақы шағын ұйымдардың қызметкерлері арасында байқалады. 2023 жылдың бірінші тоқсанында ондағы орташа жалақы шамамен 635,2 мың теңгені құраған, ал ірі компаниялардағы жалақы 797,6 мың теңге болған. Ең жоғары көрсеткіш орта кәсіпорындарға тиесі. Ондағы орташа жалақы көлемі 876,1 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз