Жаңалықтар

Квазимемлекеттік сектор 46 млрд теңгені пайдаланбаған – Жоғары аудиторлық палата

Фото: kursiv.media

Квазимемлекеттік секторда пайдаланылмаған қаражат 46 млрд теңгені құрайды. Бұл жайлы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова мәлімдеді.

«Өкінішке орай, бірқатар маңызды, біздің ойымызша, ұсынымдар орындалмай қалды.
Осылайша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында пайдаланылмаған қаражат мәселесі осы уақытқа дейін шешілген жоқ. Бүгінде ол 46 млрд теңгені құрап отыр
», деді Годунова.

Сонымен қатар Палата төрайымы мемлекеттік органдардың жұмысты нақты орындамай, эскроу-шоттарды пайдалануды жалғастырып жатқанын да айтты.

«Мемлекеттік жекелеген әріптестік саласында ашықтық жоқ, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырып, сәйкесінше инвесторларды тартуда қиындықтар туғызады. Пилоттық режимде тендерлік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін МЖӘ веб-порталын іске қосу биыл ғана жоспарланып отыр», деді Годунова.

Жоғары аудиторлық палата жыл сайын мемлекеттік жоспарлаудың түрлі аспектілерін жетілдіру бойынша ұсыныстар береді. Өткен жылы ол ұсыныстадың 76%-ы Үкімет тарапынан орындалып, заңнамалық деңгейде түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата басшысы біртіндеп қарыз саясатында реттілік пайда болғанын айтты. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тарту және оларды дұрыс игермегені үшін лауазымды тұлғаларға қатысты 100 АЕК көлемінде жеке әкімшілік жауапкершілік енгізілгенін айтты. Төрайым бұл соманы көбейту керек деп есептейді.

«Мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне келер болсақ, біз бюджет қаражатын ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге міндеттеп қоймасақ, айтарлықтай оң нәтиже болмайды. Біздің ойымызша, даму жоспары мен бюджеттік бағдарламаларды белгіленген мақсаттарға жеткізбегені үшін орталық мемлекеттік органдар мен өңір басшыларына бірлескен жауапкершілігін енгізу қажет. Жергілікті атқарушы органдар әр тиынның тиімді пайдаланылуына жауапты болуы керек», деді Годунова.

Жоғары Аудиторлық палата Қазақстанда ұлттық жобалар мен бағдарламалар бойынша нәтижеге қол жеткізбегені үшін шенеуніктерге жауапкершілік енгізуді ұсынған болатын.

Жоғары аудиторлық палата Экология және Төтенше жағдайлар министрліктеріне тексеру жүргізетінін мәлімдеген.