Тоқаев: Қазақстан ЕуроОдақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ең алдымен ДСҰ ережелері мен нормаларын басшылыққа алатынын мәлім етті.
«Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз. Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді», деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Тоқаев ЕуроОдақтың Орталық Азия елдерімен белсенді ынтымақтастығын атап өтіп, Орта Азияның халықаралық аренадағы орнына қатысты пікір білдірді.
«Еуропалық Одақ – Қазақстан үшін аса маңызды әрі еліміздің ең ірі сауда серіктесі. Біз өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін еуропалық институттармен тұрақты жұмыс істейміз. Қазақстан – «Орталық Азия + ЕО» форматының белсенді серіктесі. Осы форматтағы соңғы кездесуіміз Қырғызстанда өтті. Жуырда өзара ынтымақтастығымызға, сондай-ақ геосаяси жағдайға қатысты өзекті мәселелерді талқыладық. Орталық Азия халықаралық аренада ықпалды аймаққа айналып келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев