Binance криптобиржасы Қазақстанда жергілікті платформасын іске қосады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Binance криптовалюта биржасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізінде жергілікті цифрлық активтер платформасын іске қосады. Бұл туралы криптобиржаның баспасөз қызметі хабарлады.

«Платформа іске қосылған соң пайдаланушылар криптовалюталарды фиат балансын, спот-сауданы және конверсияны пайдалана отырып сата алады. Қазақстанда қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, кейбір өнімдер мен қызметтерге пайдаланушылар қол жеткізе алмайды немесе шектеулі болуы мүмкін. Биржаның қызметтері мен өнімдері үнемі көбейіп отырады», – делінген хабарламада.

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитетінен алынған лицензия Binance-ке Қазақстандағы криптовалюта айырбастау және айырбастау қызметтерін, фиат валютасын депозитке салу және алу, криптовалюта активтерін сақтау және криптовалюта биржа саудасын ұсына алатын реттелетін платформа мәртебесін береді.

Binance Kazakhstan платформасында пайдаланушылар Freedom Finance құрылымы арқылы банк картасын және ақша аударымдарын пайдалана отырып ақша жібере алады. Алайда бастапқы кезде қазақстандық қаржы институттары шығарған MasterCard ғана қабылданады. Банк картасы арқылы фиат валютасындағы депозиттердің шегі бір транзакция үшін 420 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, www.binance.com түпнұсқа платформасын Қазақстанның кез келген тұрғыны пайдалана алады. Жергілікті платформаны пайдалану үшін басқа электрондық пошта арқылы тіркелу қажет. Платформаны бейрезиденттер де пайдалана алады, бірақ Fiat арналарын пайдалану үшін оған қазақстандық банк шығарған MasterCard картасы, сонымен қатар жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) керек.

«Жыл соңына дейін біз Қазақстандағы жергілікті криптовалюта биржасының пайдаланушылары үшін өнім желісін кеңейтуді, сондай-ақ қолжетімді цифрлық активтер санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатары кем дегенде 100-ге дейін жетпек», – деді Binance Қазақстан бас менеджері Жасұлан Мәдиев.

Бұған дейін ол криптобиржаның банк секторымен интеграциясы экономикалық-әлеуметтік дамуға да әсерін тигізетінін айтқан.

«Қазақстан – заңнамалық базаны реттеу бойынша да, нарықты дамыту бойынша да алға озған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Осы факторлардың (заңнамалық, қадағалау және институционалдық) барлығын ескере отырып Қазақстанның ойыншыларды және цифрлы индустрияны дамыту бойынша әлдеқайда дайын болғанын аңғару қиын емес», – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз