Жаңалықтар

Хакерлер Астана қалалық сотының сайтын бұзып, Гүлмира Сатыбалдының үкіміне қатысты жалған ақпарат таратты

Фото: kursiv.media

Астана қалалық сотының сайтын хакерлер бұзып, Гүлмира Сатыбалды сотына қатысты жалған ақпарат таратты.

«Астанада Гүлмира Сатыбалдының апелляциялық шағымы қаралды. Соттың хабарлауынша, Гүлмира Сатыбалды мен қылмыстық іс бойынша сотталған басқа да азаматтарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды», делінген ол хабарламада.

Ізін ала Астана қалалық сотының баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, сайттың бұзылғанын мәлімдеді.

«Астана қалалық сотының сайты бұзылып, шамамен 10 минут бұрын сайтта Сатыбалды Г. ісі бойынша ақпарат жарияланды. Бұл – жалған ақпарат. Нақты ақпарат алу үшін Астана қаласының баспасөз қызметіне хабарласыңыз», деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 4 мамырында Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Кемеңгер Имашев шығарды.

Іс бойынша сотталушылардың бірі Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. 

Үшеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.