Қазақстанның су электр станциялары 170 млрд кВт/сағ дейін энергия өндіре алады
Қазақстанда су электр станцияларының электр энергиясын өндіру әлеуеті 170 млрд кВт/сағатқа жетеді. Ал техникалық негізделген әлеуеті 62 млрд кВт/сағ құрайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары Алма Жүкенова мәлімдеді.
«Қазақстанның гидроэнергетика бойынша жалпы энергетикалық әлеуеті 170 млрд кВт/сағатқа жетсе, техникалық негізделген әлеуеті 62 млрд кВт/сағ құрайды. Қазақстанда гидроэнергетика ресурстарына бай үш облыс бар: Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр станциялары орналасқан Ертіс өзені бассейні, Іле, Қапшағай, Мойнақ өзендерінің бассейні, сонымен қатар Сырдария, Талас және Шу өзендері бассейні», – деді ол «Гидроэнергетика: Орталық Азия және Каспий» форумында.
2022 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 112,8 млрд кВт/сағ құрады. Осылайша, еліміз электр энергиясына деген сұраныстың жартысына жуығын тек су электр станциясы есебінен қамтамасыз ете алады.
Департамент диекторының айтуынша, еліміздегі бүкіл өзеннің 90 пайызы – шағын өзендер, бұл өз кезегінде шағын су электр станцияларын салуды экономикалық тұрғыдан тиімді етеді. Қазақстан өзендерінің тек 7%-ның ұзындығы 100 шақырымнан асады. Сонымен қатар, жаңа СЭС құрылысы бойынша тариф мерзімі 15 жылдан 20 жылға дейін көтерілгенін атап өтті. Бұл өзгеріс аталған жобаларға деген қызығушылықты арттыруы тиіс.
25 мамырда «ЖЭК қолдау жөніндегі ҚЕАО» Бас директор бас директоры Гүлжан Нәлібаева биыл екінші жартыжылдықта жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жаңа жобалар аукционы өткізілетінін, бұл ретте жел электр станциялары мен су электр станцияларына баса назар аударылатынын мәлімдеді.
«Күні кеше Энергетика министрінің аукцион кестесін бекіту туралы бұйрығы шықты. Ол бес жылға арналған және 2023-2027 жыл аралығын қамтиды. Осы бесжылдықта өндірілген электр қуатының жалпы көлемі 6,77 ГВт құрайды», – деген еді Qazaq Green Fest 2023 форумында.
Осы ретте Нәлібаева инвесторларды алдағы жаңартылатын энергия көздері бойынша аукциондарға қатысуға шақырды. Алғашқы аукцион биыл қараша айына жоспарланған. Электр энергиясының бастапқы құны жел станцияларына 1 кВт/сағ үшін – 22,68 теңге, күн электр станциялары үшін 34,61 теңге болады.
Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері 2022 жылы 5,1 млрд кВт/сағ өндірсе, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 21,1%-ға артық.