«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және Landesbank Baden-Württemberg Германия қаржы институты экспорттық кредиттік агенттіктердің сақтандыруымен инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша негіздемелік келісімге келді. Бұл туралы ақпараттық хабарлама банк сайтында орналастырылған.
Құжатқа ҚДБ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров пен LBBW Басқарушы директоры Томас Лемпуль 20 маусымда Астанада өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумы аясында қол қойған.
«Келісім Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Құжатқа сәйкес, ҚДБ неміс серіктесінен шет елдерден импорттауды іске асыратын инвестициялық жобалар үшін 500 миллион еуроға дейін тарта алады, мысалы технологиялық жабдықтар импортын айта кетуге болады. Бұл ретте мұндай операциялар бойынша кепілдіктерді экспорт жүргізілетін елдердің экспорттық-кредиттік агенттіктері беретін болады», – делінген хабаламада.
Landesbank Baden-Württemberg – Германия Федеративтік Республикасының әмбебап қаржы институты, ол өз клиенттеріне экспорттық-импорттық операциялар бойынша белсенді қызмет көрсетеді. LBBW бүкіл әлем бойынша қарыз алушыларға Франция, Германия, Италия, Испания, Қытай және Оңтүстік Кореядан импорттау үшін экспорттық қаржыландырған.