Құрылысы 14 жылға созылған елордадағы ЖЭО биыл пайдалануға беріледі

Жарияланды
Фото: Архив kursiv.media

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанадағы №3 жылу электр орталығын салу ұзаққа созылып кеткенін, оған жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінетінін айтты.

«Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болыпты. Ең қызығы жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Алғашында 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 122 млрд теңгеге көтерілген. Енді биыл тағы да 54 млрд теңгеге баға көтеріліп отыр. Бұл не деген алтын құрылыс екенін түсінбеймін. Бұл құрылыстың бітетін уақыты да белгісіз. Биыл біз Алматыдан яғни жылы жақтан көшіп келдік. Осы жылы қыс қатты болады деген жорамал бар. Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба?», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ депутат миллиардтаған қаражат бөлінген құрылыса кім жауап беретінін сұрады.
Астана қаласы әкімдігінің өкілі қалада жылу тапшылығы барын, биыл жылу орталығының құрылысы аяқталатынын айтты.

«Елордада 440 Квт жылу жетіспеушілігі бар. Биыл 100 млрд теңге қаржылай қолдау көрсету нәтижесінде №3 ЖЭО-ның құрылысын аяқтаймыз. Қазір жүйені дайындап жатырмыз. Нысан кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазанда 2 қазандық іске қосылады. Оның жалпы қуаттылығы – 220 Квт. Сондай-ақ сол жағалауда газ жылу станциясының 2 жобасын жүзеге асырамыз. Оның жалпы қуаты – 690 квт. Осылайша, биыл қарашаның соңына қарай тапшылық емес, мөлшерден тыс қуатқа ие боламыз», – деді әкімдік өкілі.

Айтуынша, қазір нысанды аяқтауға 23 млрд теңге қажет.

Сондай-ақ, Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова жылыту маусымындағы олқылықтар үшін шенеуніктерді жауапты тартуды ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз