«Тереңқұр» су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды – Ерболат Досаев
Фото: kursiv.media
Алматы қаласындағы «Тереңқұр» су қоймасының жоғарғы бөлігі мемлекетке қайтарылды. Бұл жайлы Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Аудандағы қоғамдық кеңістіктерді дамыту аясында Тереңқұрдағы су қоймасының жоғарғы бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі таңда оны реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде . Жобалау-сметалық құжаттаманы осы жылдың қараша айында аяқтаймыз). Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін Тереңқұрға жөндеу жұмыстары жүргізіледі», деді әкім.
Әкім сонымен бірге Каменское платосындағы жер асты су көзіндегі су деңгейінің 2,5 есе төмендеп кеткенін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін төтенше жағдайлар желісі бойынша шілде айында су беруге арналған резервуарлары бар қосымша скважиналардың құрылысын бастау туралы шешімге келген.
«Құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл келесі жылы Каменское плато, «Көлсай» және «Юбилейный» шағын аудандарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді әкім.
Қала басшысы шаһардың басққа да шағын аудандарында инженерлік желілерді модернизациялау жұмыстары жүргізілетінін, нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 55 мың тұрғын сапалы сумен және канализациямен қамтамасыз етілетінін айтты.
Сонымен бірге ауданда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 2 жаңа мектеп салынады. Құлжа күре жолының оңтүстігінде 2000 орындық жаңа мектеп құрылысы осы жылдың аяғында басталса, 2024 жылы «Думан» шағын ауданында 1200 орындық мектеп салу жоспарланған.
«Медеу ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда 5 айдың ішінде өнеркәсіптік өндіріс 14,1%-ке, көтерме сауда – 19,5%-ке, жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 32,3%-ке, салық түсімдері – 44,4%-ке өсті», дейді шаһар басшысы.