ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері ғарыш кеңістігінде қару-жарақ бәсекесінің алдын алу мәлімдемесін қабылдады

Жарияланды

Фото: СІМ баспасөз қызметі

ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлерінің Минскіде өткен кеңесінде бірқатар саяси, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай және ғарыш кеңістігінде қару-жарақ бәсекесінің алдын алу жөніндегі мәлімдемелер қабылданды. Бұл туралы СІМ хабарлайды.

Кеңеске Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері халықаралық және өңірлік жағдай бойынша пікір алмасып, Ұйымның ағымдағы қызметінің кең ауқымды мәселелерін және ҰҚШҰ-дың сыртқы байланыстарын дамытуға қатысты кейінгі қадамдарды талқылады.

ҚР СІМ басшысы М.Нұртілеу отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы хабардар етіп, Ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы үш жылдық кезеңге ҰҚШҰ Хатшылығында квоталық лауазымдарды бөлу туралы шешімінің жобасын мақұлдады және ұйымдастыру-қаржылық қызмет саласындағы бірқатар құжаттарды қабылдады.

Іс-шара шеңберінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларын Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдап, олар бірлесіп Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Беларусь Республикасының ҰҚШҰ-дағы төрағалығын ескеріп, Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы 2023 жылдың төртінші тоқсанында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында Минскіде өтетін болады.

ҰҚШҰ – 2002 жылы құрылған және халықаралық өңірлік ұйым, әрі оның құрамына Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретіні белгілі.

Сондай-ақ оқыңыз