Жыл сайын апаттық станциялар саны артып келеді - Жоғары аудиторлық палата

Жарияланды
Фото: Архив kursiv.media

Ал, энергетика саласындағы 500-ден аса кәсіпорын жыл сайын қысқа дайын екенін көрсететін паспорт алуға өтінім бермейді. Мұны жылумен қамтитын мекемелерге жүргізілген аудит қорытындысы талқыланған Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов мәлімдеді. Ол сұрағын энергетика министрі Алмас Сәтқалиевке жолдап, жағдайдың себебін түсіндіруді сұрады.

«Энергетика министрлігінің бақылауында 40 кәсіпорын (ЖЭО – автор) 2020 жылдан 2022 жылға дейін күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын алмаған, өтінім бермеген. Осының кесірінен дайындық құжаттары, яғни паспорт деген жай ресми нәрсе сияқты болып қалды. Оны ешкім қажет етпейтін сияқты. Соның салдарынан жыл сайын 500-ден аса кәсіпорын дайындық паспортын алуға өтінім бермейді. Қалай сонда? Осы жерде заңды сұрақ туындайды», – деді Зайытов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев барлық ірі энергетикалық нысанның қысқы дайындық паспортын алатынын мәлімдеді.

«Орта бизнес объектілері үшін құны – 500 000 теңге, шағын бизнес объектілері үшін – 170 000 теңге. Бұл нысандар энергиямен және жылумен жабдықтауға айтарлықтай әсер етпейді. Яғни, іс жүзінде жергілікті атқарушы органдар жұмысты күшейтуі керек, бұл әкімшілік хаттамалар бойынша іске асады. Егер қандай да бір ірі объект тиісті дайындық паспортын алмаса, онда комиссия бірден жұмыс істейді, министрлік деңгейінде тиісті кеңес ұйымдастырылады», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Ринат Зайытовтың сұрағы өзекті екенін айтып, барлық мәселенің осы паспорттың жоғынан басталатынын айтып өтті.

«Паспорт не жоқ, не оны келісіп бере салады, артынан мәселені көріп жатырмыз немесе мүлдем өтінім бермейді, паспорт жоқ. Сондықтан еліміз бойынша қаншама кәсіпорында осындай проблема бар. Сондықтан біздің тиісті комитет осыны бақылауға алуы керек», – деді Қошанов.

ЖЭО дайындық паспортын алуына Жоғары аудиторлық палата да назар аударды. Палата төрағасы Наталья Голунованыкң айтуынша, кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополиялар субъектілері жылыту кезеңіне міндетті әзірлік паспорттаудан өтпеген.

«Әзірлік паспорттарының болмауының ең жоғары үлесі Атырау (53%), Павлодар, Ақмола және Абай (18%-дан 30%-ға дейін) облыстарында анықталды.Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар паспорттаудан өтпеген субъектілергеқатысты әкімшілік ден қою шараларын қолданбаған. Алайда, мұндай тәсіл бар», деді Наталья Годунова.

Айта кетейік, жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласында мемлекеттік аудит жүргізді.

«Аудит 47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде жүргізілді. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын және 480 млрд теңге активтерді пайдалану тиімділігі тексерілді. Нәтижесінде 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде 6 млрд теңгеге бюджет қаражаты бойынша), 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығын анықталды», – деді Наталья Годунова.

Жалпы жылумен жабдықтау нысандарын салуға, жөндеуге 2020-2022 жылдар аралығында 250 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 84 млрд теңге бағытталған. Алайда елде Жылу электр орталығындағы (ЖЭО) жабдықтардың орта есеппен 66 пайызы, жылу желілерінің 54 пайызы тозған.

«Жыл сайын апаттық станциялар саны артып келеді. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 22%-ға өсті. Бұл тек 1 жылдағы көрсеткіш», – деді Годунова.


Сондай-ақ оқыңыз